Бурутова ауылының тұрғындары: Ой-шұңқырдан дөңгелек ұшып кетеді

Шығыс Қазақстандағы Бурутова ауылының тұрғындары жолдың нашарлығына наразы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені облыс орталығына қатынау қиын. Жолдың жөндеуді қажет етіп тұрғанына бірнеше жыл болды. Биыл қаржы бөлінген. Бірақ мәселе толық шешілмеген.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Аудан орталығы мен ауылға қатынайтын көліктердің бәрі кібіртіктеп, ой-шұңқырды айналып жүреді. Өйткені жолдың әбден тозығы жеткен. Тіпті асфальттың өзі саз балшықтай иленіп, кей жері көтеріліп не ойылып жатыр.

Екатерина Бураба, ауыл тұрғыны:

- Жолдың жасалуын талап еткенімізге бес жыл болды. Еш нәтиже жоқ. Біз халыққа жасалып жатқан игілікті көрмей отырмыз. Қысы-жазы жол жоқ.

Индира Тележанова, ауыл тұрғыны:

- Мынау не деген сұмдық. Жолмен жүру мүмкін емес. Ой-шұңқырдан дөңгелек ұшып кетеді.

Жолды жасау үшін биыл 11 млн теңге бөлінген. Оған 23 шақырымдық асфальтқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс еді. Алайда қарастырылған қаражат небәрі төрт километрді жамап-жасқауға ғана жеткен.

Наталья Старожилова, ауыл тұрғыны:

- Маусымның үшінде жолымызға ақша бөлінді дегенді естігенде ТҮКШ басшысына телефон шалдым. Сол кезде ол маған  маусымның соңына дейін 11 млн-ға 23 шақырым жасалады деп нақты айтты. Міне, тамыз болды әлі жөнделген жоқ. Жолға 11 млн жұмсалды ма білмеймін.

Әкімдік қызметкерлері жолдың 60%-і тозып кеткенін айтып отыр. Олардың пікірінше, бұл бағыттағы жолды жасау үшін кемінде 500 млн теңге қажет.

Қайрат Өнербаев, аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының м. а.:

- Мәселені шешу үшін жолды орташа жөндеу жұмыстарынан өткізу керек. Ол үшін ЖСҚ жасалды. Енді жарты млрд теңге қажет. Қаржыландыру жағы шешілсе, жұмыс жүргізіледі.

Жергілікті әкімдік ой-шұңқырды асфалттау үшін тағы да 9 млн теңге бөлінетінін айтты. Енді келесі айдың соңына дейін тағы бірнеше шақырым жөнделетін болады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы