Академик Төрегелді Шарманов марапатталды

Бүгін Алматыда белгілі академик Төрегелді Шарманов «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығымен» марапатталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

ТМД кеңістігіне аты мәлім ғалымға арнайы төсбелгіні Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев табыс етті. Мемлекеттік хатшы Төрегелді Шармановқа денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін алғыс білдірді. Академиктің Қазақстан ғана емес, ТМД елдерінің медицинасын ілгерілетуге септігі тиген. Оның нақты мысалы ретінде 1978 жылы Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Алматыда өткен халықаралық конференцияны атап өтуге болады. Соның нәтижесінде «Алматы декларациясы» дүниеге келді. Бұл құжат «ХХ ғасырдағы денсаулық сақтаудың ұлы хартиясы» деген атпен тарихқа енді.

Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

- Өткен жылы ДДСҰ өзінің конференциясында осы Алматы декларациясының XXI ғасырда да өзекті екенін және басымдық ретінде алғашқы медициналық көмек қала беретінін қабылдады. Бұл денсаулық сақтау саласының болашағын айқындаған және негізгі басымдықтарын айқындаған үлкен құжатты мына қазақ жерінде, Алматыда қабылданғаны, оның ішінде Төрегелді Шарманұлының бастамасы болғанын біз мақтанышпен айтамыз.

Төрегелді Шарманов, ҚР ҰҒА академигі:

- Сен өзің үшін емес, елі үшін еңбек еткен адам, меніңше, ұзақ жасауға да лайықты. Жай ұзақ жасау емес, бағалы, құндылығы жағынан да лайықты болуы керек. Сол үшін еңбек ету керек. Халыққа, елге, ортаңа жақсылықпен келсең, жақсылық жасау болса, өзіңе емес, елің үшін. Елі үшін жасағаның сенің өзің үшін жасағаның, осылай ұғыну керек.