Президент реформалары іске асуда

Алматыда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі қызметінің аясында «Бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңның қолданысына шолу» талдамалы баяндамасы таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Баяндама авторлары Марат Шибұтов пен Нәйлә Әлмұхамедовалардың айтуынша, бұл заң іс жүзінде оң нәтиже көрсетіп, қоғамдық дамуға айтарлықтай әсер еткен.

Іс-шараға белгілі қазақстандық сарапшылар, құқық қорғаушылар мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері қатысты. Жиынды Ұлттық кеңестің хатшысы Ерлан Карин ашты. Қатысушылар өткен жылы қабылданған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заңды талқылады. Бұл құжат алдыңғысынан көп ерекше. Егер бұған дейін митинг өткізу үшін рұқсат алу қажет болса, қазір жергілікті атқарушы органды хабардар етсе жеткілікті.

Марат Шибұтов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

- Митинг пен пикет өткізетін орындар көбейді. Мысалы Алматыда бұрын бір-ақ орын болса, енді үш орын белгіленді. Ал, Шевченко көшесінде шерулер мен демонстрация өткізуге болады. Халық өз пікірін ашық айтады, сөйтіп, саяси диалог құру мәдениеті қалыптасады. Бұл біздің ел үшін өте маңызды деп санаймын.

2019 жылы Қазақстан Президенті елімізде саяси реформаларды жүзеге асырудың бірінші пакетін ұсынған еді. Сол кезде бейбіт жиналыстар туралы жаңа заңды әзірлеуді тапсырған болатын. Жаңа заң бүгінгі таңда өз тиімділігін көрсетіп отыр. Егер бұрын ел аумағында жылына ондаған жиналыс өтіп тұрса, қазір жылына 500-ден астам бейбіт жиналыстар ұйымдастыралады.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Митингілердің барлығы міндетті түрде билікке қарсы деген сөз емес. Статистикада бар. Соңғы кезде экологиялық мәселелер, құрылысқа қарсы мәселелер, әлеуметтік-экономикалық, тұрмыстық мәселелер көтеріліп жатыр. Егер әкімдіктегілер дер кезінде бұл мәселені шеше алмаса, халық өзі бірігіп, ұйымдасып, шеру өткізіп немесе пикет жасау арқылы өзінің талап-тілегін билікке жеткізіп жатады. Ең бастысы, биліктің бұған көзқарасы өзгерді.

Бір жылда өткен митингтер түрлі тақырыптарды қамтыды. Қаржы пирамидасымен күресушілер, бей-берекет құрылысқа наразылар мен жануарларды қорғаушы белсенділер өздерінің азаматтық ұстанымдарын білдіріп келеді. Осылайша, қоғамда митинг өткізудің жаңа мәдениеті қалыптасуда.

Авторлары: Алмас Садуақас, Мұхит Құдықбаев