Көкшетаудағы Kazrost Engineering кәсіпорны тәулігіне 8 комбайн құрастырады

Отандық өнімнің бірі – толық циклді әмбебап дестелегіштер секілді ауыл шаруашылығына өте қажет техникалар.

Оны Ақмола облысы Көкшетау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсіпорын шығарады. Бұл зауыт комбайн шығаруда қазақстандық қамту үлесін ұлғайтып, цехтардағы технологиялық жұмыстардың көлемін кеңейтпек.

«Kazrost Engineering» компаниясының өндіріс алаңында металл кесетін цех, дәнекерлеу аппараттары, компрессорлар, тораптар мен бейімдегіштерді бояу және комбайн құрастыру цехы бар. Сондай-ақ тракторлардың конвейерлік желісі жұмыс істейді. Мұнда қажетті бір жабдық 1,5-2 сағатта шығарылады. Ал кәсіпорын тәулігіне 8 комбайн құрастырады.

Асылбек Тоқанов, кәсіпорын директорының орынбасары:

- Кәсіпорынның жинау алаңында өз бағыты бойынша әбден ысылған, монтаждау мен дәнекерлеудің тілін бес саусағындай білетін 40 кәсіби маман жұмыс істейді. Мысалы, қозғалтқышты орнататын агрегаторлар тобы мен басқа да құрылғыларды жинайтын топтар бар. Ерекше бір назар аударатын жағдай, біз шағын жабдықтарды құрастырып қана қоймай, оны терең өңдейміз.

Жалпы зауыт аумағы 10 мың шаршы метрді құрайды. Кәсіпорында 160 адам екбек етеді. Әрбір маман өз жұмысын жақсы біледі. Маңызды бағыттардың бірі – қаңылтырды толық өңдеу кезеңі. Бұндай бірегей жұмысты республикадағы кез келген зауыт атқара алмайды.

Сергей Симинишин, технолог:

- Біз белгілі бір қалыптан бас тартамыз. Бұл өте маңызды. Бірден бәрін компаста ұңғылаймыз, ол кескен соң ию аппаратына жібереміз. Ол қажетті қалыпқа иіп жасайды. Сондай-ақ бұрғылаудан бас тартамыз.

Зауыттан шығарылған барлық жаңа комбайндар ең соңғы сәтте техникалық сынақтан өтеді. Ең бастысы, шаруалардың талабы мен үдесінен шығуы керек. «Себебі жермен айналыстын фермерлер астықты шашпай-төкпей уақытында жинап алу үшін оларға сапалы техникалар қажет», - дейді зауыт басшылығы. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Аслан Абуталипов, Анатолий Полянный