Павлодар облысында қарағайлы орман алқабының аумағы кеңейеді

«Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи резерваты орман алқабын шамамен 3 мың гектарға ұлғайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағай көшеттері биыл 400 гектар алқапқа отырғызылады. Десек те, қылқан жапырақты орманды өрттен қорғау – ең маңызды мәселе. Соңғы кезде табиғи өрттер жиілеп кеткен. Шілденің аяғында найзағай түсуі салдарынан бір күнде 28 өрт тіркеліпті. Резерватта найзағай тартатын бір де бір мұнара жоқ екен.

«Ертіс Орманы» табиғи резерватының көлемі 277 мың гектарға жуықтайды. Қылқан жапырақты орман алқабы Аққулы және Шарбақты аудандарының аумағында жатыр. Қуаңшылыққа қарамастан биыл агротехникалық жұмыстар уақытында жүргізіліп, 14 миллионнан астам қарағай көшеті отырғызылған.

Қадырбай Тоқтасын, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бас директоры:

– Жылда 2028 га отырғызылса, биыл Президенттің Жолдауынан кейінгі отырғызылған алқабымыз 2875 гектарды құрады. Көшеттерді отырғызған уақыты өте қысқа мерзімде болды. 14-15 сәуірде бастап 31 сәуірде біз көшет отырғызуды бітірдік.

Көктемде көшет отырғызылса, күзде тұқым дайындау науқаны басталады. Бұл іске ауыл адамдары көмекке келеді. Қарапайым халық үшін бүршік жинау – қосымша табыс көзі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Орманшылардың алдында екі күрделі мәселе бар. Ол орманды өрттен сақтау және ағаш қорын көбейту. Резерватта жылына 76 тонна қарағай бүршігі жиналады. Биыл межені 100 тоннадан асыру көзделіп отыр.

Тұқымжайда тамшылатып суару технологиясы қолданылады. Жас өскіндердің арам шөбі қолмен жұлынады. Бұл жұмыс қара күзге дейін жалғасады.

Елена Остапенко, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бөлім жетекшісі міндетін атқарушы:

– Біз тұқымды салмас бұрын топырақ құнарын органикалық және минералды тыңайтқыштармен байытамыз. Бұл тұқымдардың тез өсуін қамтамасыз етеді. Бізге сапалы әрі стандартты материал керек.

Тұқымжайда өсірілген көшеттер орман алқаптарындағы бос қалған алаңдарға көшіріледі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Бұл осыдан 20 жыл бұрын өрттен зардап шеккен аймақ. Қазір қалпына келтіріліп жатыр. Тұқымбақта өсірілген екі жылдық көшеттер 12 гектар алқапқа отырғызылған.

Осындай жұмыстар 16 орманшылықта жүргізіліп жатыр. Олардың әрбірінде өртеніп кеткен 4-5 алқаптан бар. Өрт – қылқан жапырақты орманның ең басты жауы. Үстіміздегі жылы 63 орман өрті тіркеліп, 649 гектар аумақты жалын шарпыған.

Дабыл қағылғанда өрт сөндірушілер оқиға орнына 10 минут ішінде жетуі тиіс. Осы жылдың шілде айында бір тәулікте 28 өрт оқиғасы тіркеліпті. Олардың бәрі найзағайдан болған.

Қадырбай Тоқтасын, «Ертіс орманы» табиғи резерватының бас директоры:

– Найзағай тартатын мұнаралар қоямыз деген ойымыз бар. Оны енді бүгінгі күні комитетпен де келісіп, бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп отыр. Өрттің жиілеуі найзағайдан болғаннан кейін бұл бізге өте қиындық тудыртады.

Шешімін таппаған мәселелер мұнымен шектелмейді. Ертіс мемлекеттік табиғи резерватына жұмысшылар 14 ауылдан қатынайды. Сол ауылдарды жалғайтын жолдардың сапасы өте нашар. Баспана мәселесі де күрделі. Бірақ ормандағы ғажайып тіршілікті сақтау  бәрінен де өзекті болып қала береді.

Соңғы жылдары елік пен бұландардың саны артыпты. Өрт салдарынан жойылып кеткен сілеусін мен тиіндер қайта оралған. Ал орман қорын ұлғайту мақсатында қарағай тұқымының 3 жылға жететін қоры сақтаулы. 

Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков