ШҚО-ға қарасты Буркутова ауылында дәріхана жоқ

Бүтін бір елді мекеннің тұрғындары дәрі-дәрмекті көрші ауданға барып сатып алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Немесе жергілікті мед пунктен көмек сұрауға мәжбүр. Мұндай жағдай әсіресе пандемия кезінде қиынға соғып отыр.

Бас ауырып, балтыр сыздаған Буркутова ауылының тұрғындары емделу үшін екі есе көп шығындалады. Өйткені олар дәрі-дәрмекті көрші ауылдан сатып алады. Одан бөлек, 8 мың теңгені жолақыға төлейді.  

Оксана Сурма, ауыл тұрғыны:

- Қалаға бара жатқан ауылдастарымызға өтініш айтып, дәрі дәрмек алдырамыз. Мәселен, өзім балаларға антибиотик және бүйрек шай тапсырып тұрамын. Міне осылай өмір сүріп жатырмыз.

Индира Тележанова, ауыл тұрғыны:

- Кейде сатып алған дәрі емес, басқасы керек болып қалады. Сол кезде көршілерге жүгіреміз. Аса қажет кезде табылмай қалады.

Бұл елді мекенде бұрын дәріхана болған. Бірақ ол тұрғындардың көптеп көшіп кетуі себебінен шығынды ақтамай жабылып қалыпты.  

Жарқын Жолдыбеков, Бородулиха аудандық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі:

- Кәсіпкерлермен сөйлескенде, олар бұл жерде аша алмаймыз деп айтты. Бірақ халыққа жеткілікті препараттар фабтың ішінде бар. Халыққа сол жақта алуға болады.

Владимир Ан, ауылдық округ әкімдігінің бас маманы:

– Дәріхана ашатын адамның біріншіден фармацевтикалық білімі болу керек. Екіншіден жеке кәсіпкер ретінде тіркелу қажет. Содан кейін барып жеке ғимараты болуы шарт. Біз бұл талапты аттап өте алмаймыз.

Ресеймен шектесетін шекаралық аймақтағы ауылда 300 адам тұрады. Олар сырқаттанған жағдайда ауылдық амбулаторияға барып қаралады.

Наталья Артемьева, учаскелік медбике:

- Бізде алғашқы медициналық көмек көрсетуге керекті дәрінің бәрі бар. Қан қысымын төмендететін, ыстықты түсіретін ауруды басатын, яғни біз талапқа сай көмек көрсете аламыз. 

Мамандардың айтуынша, ауылда дәріхана ашу үшін ай сайынғы шығынды есептемегенде бір жарым млн теңге керек. Әзірге бұндай қомақты қаржыны ауыл тұрғындарының қалтасы көтерер емес. 

Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы