СҚО-да жас кәсіпкерлерге 200 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінді

Солтүстік Қазақстан облысында жас кәсіпкерлер үшін 200 млн теңге қайтарымсыз грант бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бизнес бастаманы іске асыруға мемлекеттік қолдау да көрсетілмек. Мүмкіндікке ие болып, іс бастағандардың ішінде тың идея ұсынғандары да бар. Солардың бірі – петропавлдық Руслан Мұратов саңыраулақтың қозықұйрық деген түрін өсіруді қолға алған.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Отыздан асқан Русланның қозықұйрық өсіруді қолға алғанына бір жылдан асқан. Бұл істі былтыр пандемия қыспаққа алған тұста серіктесімен бірге бастапты. Бірақ бұрын бағдарламашы болып еңбек еткен жігерлі жасқа алғашқыда идеяны іске асыру оңай болмады.

Русланның бизнес жоспары мемлекеттен қолдау тауып, бес миллион теңге грант бөлінген. Нәтижесінде қажетті құралдар сатып алынды. Бүгінде екі бөліктен тұратын ферманың әрқайсысында 35-40 күнде қозықұйрық өсіп шығады. Шамамен 6 тоннаға дейін өнім алуға болады. Болашақта кәсіпті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын көбейту жоспарында бар.

Руслан Мұратов, кәсіпкер:

- Ойымыздың іске асқанына қуаныштымын. Еңбектің нәтижесін көру үшін тәулігіне екі сағат ұйықтаған кезіміз болды. Әрі қажетті мамандар да тапшы болатын. Кейін жұмыс істегісі келетін жандарды да таптық.

Кәсіп бастауға бағытталған жоспарды іске асыру үшін «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант бөлу қарастырылған. Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 9 адам осындай мүмкіндікке ие болды. Оның арасында ұлттық киімдер тігу, жұмсақ жиһаздарды қайта жарақтау және бояу өнімдерін өндіру секілді өзге де көптеген жобалар бар.

Руслан Қуандық, Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бас маманы:

- Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары шеңберінде жас кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар беруге ағымдағы жылы республикалық бюджеттен қосымша 200 млн тенге бөлінді. Бүгінгі күні конкурс жарияланды. Өтінімдерді қабылдау ағымдағы жылдың 10 тамызынан 3 қыркүйегіне дейін созылады Бір кәсіпкер үшін бөлінетін грант мөлшері 2 млн-нан 5 млн-ға дейін құрайды.

Алайда қайтарымсыз грантқа ие болу үшін қойылатын бірқатар шарт та бар. Бастысы, ұсынылған бизнес-идея ерекше үлгіде болуы қажет және оны іске асыру кезінде жаңа жұмыс орындары құрылуы тиіс.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Нургуль Ахметова, Төлеген Иманов