Ақтөбе облысында ғана кездесетін құнды тастар шетелдіктерге қолды болып жатыр

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратерінде ғана кездесетін жартылай құнды тастарды шетелдіктер интернетте саудалап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалымдардың пайымынша, бұл бұйымдар аспан денесінің бір бөлігі. Сондықтан сұранысқа ие. Ал, табиғаттың бұл кереметін сақтап қалу үшін өңірде кенже қалған экотуризмді дамыту қажет. Жергілікті билік қаражат бөліп, қалашық саламын деген кәсіпкерге қолдау көрсетуге де әзір.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Сирек кездесетін бұл жартылай құнды тастарды іргедегі Ресейді айтпағанда Германиядан бастап тіпті мұхиттың арғы бетінде тіркелген интернет парақшаларынан да кезіктіруге болады. Иргизиттер мен жаманшиниттер бес мың теңгеден жүз мыңға дейін саудалануда. Сұраныс та жоғары. Қолдан жасалған тайландтық үлгісі де бар көрінеді. Бірақ Ақтөбе жерінен табылған тастардың теңдесі жоқтығын саудагерлердің өзі мойындап отыр.

Екатерина Иванова, сатушы:

- Кейбір адамдар жеке топтамасы үшін сатып алады. Басқалары тылсым күші бар деп, сиқырына сеніп іздеп келеді. Кез келген метеориттің энергетикасы бар деген сенім қалыптасқан ғой. Сондықтан да емдік қасиеті барына сенетіндер көп.

Тырнақтың ұшындай ғана тастарға зергерлер арасында қызығушылық танытқандары некен-саяқ. Дәстүрлі емес медицина саласының өкілдері ғана бағасын шарықтатқаны болмаса, ғалымдар «геологиялық және астрономиялық қана құны бар» дейді. Кратер ғылыми ортаға өткен ғасырдан бері таныс. Дегенмен, әлі күнге дейін толықтай зерттеу жүргізілмеген.

Владимир Юриш, геолог:

- Бұл тастарды пайдалы қазба, руда деп айтуға болмайды. Тек ерекше табиғи бұйымдар ретінде қарастыру керек. Заманауи электрондық микроскоптардың, жаңа технологиялардың көмегімен зерттеу қажет. Кратерге кез келген жанның еркін кіріп-шығып, сөмкесіне толтырып әкетіп жатқаны қынжылтып отыр. Тек ғалымдар ғана зерттеу үшін алулары керек деп есептеймін.

Ырғыз ауданындағы Жаманшың кратері шамамен миллион жыл бұрын аспан денесінің құлауы салдарынан пайда болған. Ғалымдардың пайымынша, диаметрі 400 метр метеорит жермен соқтығысқан сәтте жарылыс болып, қызуы Цельсий бағамымен 1700 градусқа дейін жетіпті. Нәтижесінде жер қыртысы лезде күлге айналып, көкке ұшқан кейбір бөлшектері жаңбырша жауған. Қазір кратердің 7 шақырымдай аумағында жоталар бірлі-екілі кездеседі. Ал, иргизиттер мен жаманшиниттер саны күрт азайған. Сондықтан қорғауға алып, туристік нысан ретінде ғана қолдану маңызды.

Айымгүл Оразымбетова, Ырғыз ауылдық округінің әкімі:

- Ресейден көп келеді. Осы жазғы уақытта көп келіп, осы жерде бірнеше тәулік жатып, демалып, энергетика алып кетеді. Сол себептен бұл Жаманшың метеорит кратерінің болашағы өте зор деп ойлаймыз. Енді қазіргі таңда тек қана осы облыстың, республиканың кішкене ғана қолдауы өте маңызды болып тұр.

Ырғыз ауданында экотуристік бағыт жобасы да әзірленген. Бірінші кезеңде жергілікті және көршілес ауыл оқушылары үшін сапар ұйымдастыруды көздейді. Дегенмен, туристік кешен құрылысы үшін қыруар қаржы қажет. Сондықтан инвесторлардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Ал әзірге жеке компаниялар тарапынан қызығушылық байқалмай тұр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков