СҚО-да бидайдың түсімі жылдағыдан төмен

Оған күн райының қолайсыздығы себеп. Аптап ыстықтан астық толық пісіп жетілмеген. Ризығын жерден табатын диқандар күзгі дала жұмыстарына енді кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Александр Мироненко, механизатор:

– Былтыр науқан кезінде механизаторлар 3 миллион теңгеге дейін ақша тапты. Қалай жұмыс істейсің, еңбекақы солай төленеді. Әрине алатын қаражатың астықтың шығымдылығына да байланысты. Ал биыл қалай болатынын алдағы уақытта көреміз. Себебі жиын-терімге енді кірістік.

Жасыратыны жоқ, аптап ыстық диқандарға біраз қиындық тудырды. Қуаңшылықтың салдарынан кейбір шабындықтардың шығымы нашарлаған. 

Хасен Бәукенов, бас агроном:

– Міне, масақтың ұзындығы 7 сантимердей ғана. Ылғал жеткілікті болғанда ол екі есеге ұзын болар еді. Былтыр дәл осы алқаптан гектарынан 26 центнерден өнім алған едік. Биылғы көрсеткіш сәл төмендеу болатын секілді.

Білікті шаруа Елтай Зікірин қазір алқаптардағы бидайды жығып жатыр. Артынша жинап алады. Күн райының қолайсыздығы жердің ырыздығын азайтқан. Дегенмен диқан агротехникалық шараларды дұрыс жүргізудің арқасында жақсы көрсеткішке қол жеткіземін деген ойда. 

Елтай Зікірин, шаруашылық басшысы:

– Сәуір айында тек 22 милиметрдей ғана жауын жауды. Мамыр, маусым мүлдем болған жоқ. Тек шілде айының он екісінен бастап алғашқы жаңбырлар басталды. Басқа өңірлерге қарағанда жағдай тұрақты деуге болады. Себебі біз қыста қар тоқтату, көктемде ылғал жабу жұмыстарын уақытылы жүргіздік. Өнімділік аз болғанымен сапасы жақсы. Оның үстіне қазір бидайдың бағасы да қымбат.

Биыл өңірде 4,3 миллион гектарға ырыс дәні себілді. Оның басым бөлігі бидай.

Наргиз Ақжігітова, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

– Биылғы жылы егін орағына шамамен 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысатын болады. Және оларға 50 миллиард теңгеге жуық мемлекеттік қолдау көрсетілді. Және ауа райына байланысты егістің 30 пайызы жақсы жағдайда, ал 70 пайызы қанағаттандырарлық жағдайда.

Жалпы ауыл шаруашылығы басқармасындағылар биыл гектар берекелілігі облыс бойынша 12-14 центнер болады деп болжам жасап отыр.

Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов