Атыраулық құтқарушылар балаларға жүзуді өздері үйретіп жүр

Атырауда жыл басынан бері 7 бала суға кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төтенше жағдайлар қызметі үнемі ескерту жасап, сақтыққа шақырғанмен қайғылы жағдайлардың алдын алу мүмкін болмай тұр. Енді құтқарушылар балаларға жүзуді өздері үйрете бастады. Балғындарға бұл жобаның ұнағаны сонша алды олимпиада чемпионы болам деп құлшынып жүр.

Әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері қос топқа бөлінген 30 бала осы жерде жүзуге машықтанады. Оларға арнайы жаттықтырушылар да белгіленген. Балалардың арасында құтқарушы болуды армандайтындар да бар.

БЛИЦ:

– Балалардың суға жиі батуына байланысты тегін қабылдайды. Екінші күні, төртінші күн. Мен де қызығып кетіп, анамнан сұрандым. Анам рұқсатын берді. Сол кезден бері бассейнге қатысып жүрмін. Кейде ағам, кейде анам, кейде әкем әкеліп тастайды.

– Келгеніме екі күн болды. Бүгін екінші күн. Иә, ұнайды. Олимпиада чемпионы болғым келеді.

Бүгін 6 мен 13 жас аралығындағы 15 бала жүзудің қыр-сырын меңгеруге келді. Жаттықтырушылар суда еркін жүзу, қол-аяқты қимылдату, демді дұрыс ұстау секілді әдіс-тәсілдерді үнемі үйретіп отырады. Сондай-ақ, балаларға жадынамалар да таратылады екен.

Азил Мақсотов, жаттықтырушы:

– Балаларды жүзуге үйрету оңай емес, әрине. Алғаш келген балалар көбіне қорқып жатады. Тіпті басын суға батыруға да жүрексінеді. Бірақ кейін үйреніп кетеді. Қазір мұнда 6 мен 13 жас аралығындағы балалар. Көбі бассейнге алғаш келгендер. Олармен жұмыс істеудің өз қызықтары бар.

Балалардың жазатайым оқиғаларға тап болуы көбіне ата-ананың бақыламауынан болып жатады. Сол себепті игі бастаманы қолға алған төтенше жағдай департаменті енді аудандарда да жүзеге асыруды жоспарлаған.

Ерсін Мажитов, облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Осындай шараны Атырау облысының аудандарында өткізу жоспарлануда. Оған байланысты комиссия отырысы өткен болатын. Сонда каркасты бассейндерді алып, суы жоқ елді мекендерде, яғни облыс бойынша Мақат ауданы бар, Исатай ауданы бар. Соларға каркасты бассейн алу жүктелген болатын. Сол бассейндерде балаларды жүзуге үйрететін болады.

Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл оқыс оқиғаның алдын алып қана қоймай, балаларды салауатты өмір салтын сақтауға бастайтыны белгілі. Кім біледі, осылардың ішінде де Олимпиада чемпиондары жүрген шығар.

Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин