Алматы облысында 300-ге жуық кәсіпорын ашылады

«Қайсар-2021» жедел-тактикалық оқу-жаттығуын көрген соң Мемлекет басшысы Алматы облысындағы үш зауытқа барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде жүзеге асып жатқан инвестициялық жобаларды көрді. Алдағы уақытта Жетісу өңірінде 300-дей кәсіпорын ашылмақ.

Президент Ынтымақ кентінде орналасқан бірреттік медициналық бұйымдар шығаратын кәсіпорынға барды. Зауыттың жұмыс істеп келе жатқанына 23 жылдың жүзі болған. Өндіріс орнының фармацевтикалық өнеркәсіпте алар орны ерек.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

– Несімен ерек? Айтайын. Бұл зауыт еліміздегі емхана ауруханаларды бір реттік медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорындардың бірегейі. Ал соңғы уақытта мұндағы өндіріс 2-3 есеге ұлғайған.

Бибігүл Өмішева, цех басшысы:

- Бұрын біз тәулігіне 100 мыңдай шағыратынбыз. Қазір ол 3 ауысымға өсті. Содан кейін қазір тапсырыс көп болған соң демалыссыз істеп жатырмыз. Үш ауысымда біз 150-180 мыңдай қолғап шығарамыз.

Зауытта бірреттік медициналық бұйымның 160-тан аса түрі шығарылады. 6 цех бар. Ұзын ырғасы 370 адам еңбек етеді. Сұраныс артқан соң тігінші тапшы болып жатыр. Әйтпесе жұмысымыз қарқынды деді басшысы. Жалпы кәсіпорын бұйымдарын елдегі медициналық мекемелерге ғана жіберіп қоймайды. Мұндағы маска, қолғап, халат, бахил сынды 200-ден аса тауар Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ресейге экспортталады. Ал пандемия кезінде Сингапур, Швейцариядан да сұраныс болған. Пандемия кезінде кәсіпорын үздіксіз жұмыс істеді. Міндет – елді қажетті жабдықпен уақытылы қамтамасыз ету еді.

Елена Ли, Dolce Group компаниясының құрылтайшысы, директорлар кеңесінің төрайымы:

– Қиын кезде жұмысшыларға «Сіздер Титаниктегі музыканттар сияқты болуларыңыз керек» дедім. Барлығы қорғанып жатқанда біз қондырғылардың қасында тұрып, қажетті медициналық бұйымдарды тігуді жалғастыра беруіміз қажет екенін айттым. Себебі мойнымызда елдің жүгі тұр. Осылайша әріптестерімді қайрап, жігерлендірдім. Сын сағаттан өттік. Қазір жұмысымыз бір қалыпқа оралып келеді. 

Осы жерде Мемлекет басшысына облыстағы эпидемиологиялық жағдай баяндалды. Облыста 649 мың адам екпенің І, 510 мыңы II-компонентін қабылдаған. Бұл аймақ тұрғындарының 60 проценті вакцина алды деген сөз. Жалпы облыста қысқа мерзімде 200 төсектік аурухана салынып, 180 жедел жәрдем көлігі және 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған. Облыстағы 17 аурухана оттегі станцияларымен қамтамасыз етілген. Өкпені жасанды желдетудің 600-ден аса аппараты және бар. Президент жауаптылардың есебін тыңдай келе облыс басшылығына өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды үнемі бақылауда ұстауды һәм вакцина салу жұмысын жеделдетуді міндеттеді.

Мемлекет басшысы барған тағы бір кәсіпорын «Маревен Фуд Тянь-Шань» деп аталады. Компания Жапония, Швейцария, Германиядан әкелінген инновациялық құрылғылармен тез дайындалатын азық-түлік өнімдерін шығарады. Жылына 85 мың тонна өнім шығаруға мүмкіндігі бар мұнда.

Бернард Вавржин, «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС директоры:

– Шығарған өнімдеріміздің 30-35 проценті ел ішінде сатылады. Қалғаны Орталық Азия мемлекеттеріне экспортталады. Соңғы уақытта Қытайға да жіберіп жатырмыз. Алдағы уақытта өнімдеріміздің түрін көбейту жоспарда бар. Кәсіпорын жаңадан ашылған кезде бұл жерде 15-ақ адам еңбек еткен. Ал қазір жұмысшылардың саны 670-ке жетті. Дені – жақын маңдағы елдімекендердің тұрғыны.

4,5 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорынға 30 миллиард теңге инвестиция салынған. Осы кәсіпорында облыс әкімі Амандық Баталов Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірде жүзеге асырылып жобалар мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Аймақ экономикасына 312 миллиард теңге инвестиция тартылып, 40 мың жұмыс орны ашылған. Биыл өңірде жалпы құны 112 миллиард теңге болатын 65 жоба іске асырылып жатыр.

Амандық Баталов, облыс әкімі:

– Сіздің Германияға жасаған сапарыңыздың нәтижесінде «Бауманн» компаниясы ұсақ мал етін өңдейтін, қуаты 30 мың тонналық «Жетісу қой» жобасын қолға алды. Жасалған меморандумдардың аясында жылына 120 мың тонна құс етін өндіретін ірі құс фабрикасы салына бастады. Ол кезде 5 мың жұмыс орны құрылады. Сол сияқты азық-түлік өндіретін зауыт та бар. Облыста төрт индустриалды аймақтың және «Қорғас – Шығыс қақпасы» аталатын арнайы экономикалық аймағының болуы – инвесторлар тартуда үлкен әлеуетке ие. Қазір аталған аумақта 24 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта 8 мыңдай жұмыс орнын құратын 300-ден астам кәсіпорын орналастыруға мүмкіндік бар.

Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев жағармай шығаратын зауытқа барды. Кәсіпорын Алматы облысының Іле ауданында орналасқан. Жобалық қуаты жылына 100 мың тонна жағармай өндіретін зауыт 225 адамды жұмыспен қамтып отыр. Компанияның жұмысын Президент оң бағалады. Соңында облыстағы инвестициялық жобаларды уақытылы аяқтауды міндеттеді. Себебі – жобалар дер кезінде жүзеге асса экономика жанданады. Жұмыс болады. 

Қорған Қонысбайұлы, Айдос Меделбеков, Дулат Ентебеков