425,73 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Таразда жарылыс болған көп қабатты үй тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей дал

  • 324
  • UPD: 08:27, 23.08.2021
Таразда жарылыс болған көп қабатты үй тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей дал

Таразда 2019 жылы қайта жаңғыртудан өткен көп қабатты үйде жарылыс болған еді. Сол кезде жертөлені жөндеу үшін жұмсалған қаржы әр пәтер иесіне теңдей бөлініп, мойындарына қарыз болып жазылған. Тұрғындар шағымынан кейін шенеуніктер бұл несиені жоюға уәде берген, деп хабарлайды «Хабар 24». Алайда бірер күн бұрын әр пәтерге алғашқы айдың түбіртегі келіпті. Құр уәдеге сеніп, алданып қалған халық енді кімнен көмек сұрарын білмей дал.

Апатқа дейін мына көп қабатты үйді күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Оған 46 миллион теңге қаралған. Алайда құрылыс аяқталмай жатып үйде жарылыс болды. Нәтижесінде 3-ші және 4-кіреберіс пен пәтерлерді толықтай қайтадан қалпына келтіруге тура келген. Бірақ мердігер мекеме жарылысқа дейін жүргізген жұмысының ақысын тұрғындардан қайтаруға бел байлапты. 

Ғазиз Ералиев, тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– Жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер сотқа талап арыз берді. Сот мердігерді қолдады. Осы бағдарламаның операторы тұрғын үй қатынастары бөлімі болғандықтан, біз толық тексеру жүргіздік, орындалған жұмыстар актісіне қол қойдық және сот шешімі бойынша резервтік қордан жергілікті бюджеттен 8 миллион 800 мың теңге төленді.

Сол кездегі Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, қазіргі сенатор Бекболат Орынбеков жөндеу жұмыстарына қатысты туындаған мәселені шешуге уәде берген.

Бекболат Орынбеков, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары:

– Жаңғырту бағдарламасы басталды, сіздер келісімшартқа қол қойдыңыздар. Барлығының көзінше тағы да айтамын. Бүгінгі күні 9-шы шағын аудан, 62 үй мекенжайы бойынша нысандық төтенше жағдай жариялануына байланысты орындалған жұмыстар бойынша «Тұрғын үй жөндеу» компаниясымен шарттық қатынастар жойылады.

Бірақ қарыз жойылмапты. Қайғылы оқиғадан 3 жыл өткен соң, тұрғындарға түбіртектер келді. Енді олар жертөлені жөндеу үшін жұмсалған 14 миллион теңгені төлеулері тиіс. Қаражатты 15 жыл ішінде қайтару қажет.

Зағираш Сартаева, қала тұрғыны:

– Біз төлей алмаймыз. Өйткені мен көпбалалы анамын. Оның үстіне мүмкіндігі шектеулі қызым бар. Соған байланысты төлей алмаймын. Сол төлемді алып тастаса деймін.

Мәдина Әбдуанова, қала тұрғыны:

– Мысалы, менде 3 бөлмелі үй. Соған 1600 теңгеден 10 жылға төлейсіңдер деп жатыр. Біз қарсымыз ондайға. Өйткені басында айтылған кезде руспублика өзі бәрін жасайды, барлығын өзі көтереді, өздері төлейді деген.

Жертөлені жөндеу үшін төлем жасағысы келмейтінін айтқан тұрғындар шенеуніктің қарызды есептен шығару туралы уәдесін орындауды талап етті.

Ғазиз Ералиев, тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:

– Бюджет кодексіне сәйкес, бұл – қайтарымды негіздегі бюджет қаржысы. «Тұрғын үй жөндеу» компаниясы Тараз тұрғын үй қатынастары бөліміне қатысты сотқа талап арыз берді. Егер сот қолдаса, жергілікті бюджеттен резервтік қордан осы 14 миллион теңгені қалпына келтірер едік. Бірақ сот бюджет кодексіне сүйене отырып, ол талапты қолдамады.

Тұрғындар бұл мәселені қала әкімінің қабылдауында көтерді. Қаржы бөлу жолдары жергілікті мәслихат сессиясында қаралатын болды.  Жергілікті бюджеттен 14 млллион теңге бөлінген жағдайда ғана тұрғындардың қарызы өтеледі.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Анастасия Сулейманова, Тимур Сейилхан, Руслан Ахатилла

Хабар 24 телеарнасы