«Хабар 24» логотипін заңсыз қолданатын алаяқтардың құрығына түсіп қалмаңыз

Елімізде алаяқтардың құрығына түсу деректері жиіледі. Арам ақша тапқысы келетіндер түрлі құйтырқы әрекетке барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Мәселен, біздің арна логотипін пайдаланып халыққа ақша таратылады деген жарнама желіде желдей есіп жүр.

Әр қазақстандыққа алпыс жеті мың теңге төленеді. Осы іспеттес жарнама қазір казнетте өріп жүр. Қызығы сол, «Хабар» 24 арнасының логотипін пайдаланып, жаңалықтарда айтылып жатқандай көрсетеді. Әрі қарай сілтемеге өтіп тіркелу үшін ақша төлеу керек екенін айтады. Әрине, бұл – оңай олжаға кенелгісі келген алаяқтардың ісі. Айқайлаған тақырыптарды аудиторияны тарту үшін пайдаланады.

Ал сенімге кіру үшін республикалық телеарнаның төл дизайнын қолданады.

Фатима Нұрғалиева, «Хабар» агенттігі Интернет жобалар дирекциясының шеф-редакторы:

– Мұндай жалған сюжеттер аптасына бірнеше рет кездеседі. Ресми жаңалықтардың бір бөлігіне жалған ақпаратты қосып таратады. Агенттікке тиесілі «Хабар» деген логотипті пайдалану өте жиілеп барды. Сондықтан әлеуметтік желіде әртүрлі сайттарға өтпес бұрын өте мұқият тексеріп алған жөн.

Фейк ақпаратты түпнұсқадан ажырату қиын емес. Телеарнаның шынайы материалдарында міндетті түрде тақырып тұрады, локация көрсетіледі, өзекті жаңалықтары бар жүгіртпе жол болады. Ал біздің логотипті пайдаланып жалған жарнаманы жасаушыларды «жауапқа тарту іс жүзінде мүмкін емес», – дейді құқық қорғаушылар.

Бірақ сот тәртібімен телеарна өзінің авторлық құқығын қорғай алады. Заңгерлер жалған жарнамадан зардап шеккен азаматтар да сотқа жүгіне алатынын айтады.

Төлеген Балтанов, заңгер:

– Егер жалған видео жасағандар табылмаса, телеарна немесе жүргізуші сотқа жүгінуіне болады. Жалған ақпаратты таратқандар сот шешімімен жазаланады. Сондықтан фейк жаңалық жасамасаңыз да таратпау керек. Бұл заң жүзінде қудаланады.

Алаяқтардың құрығына түспеудің тиімді әдісі – қырағылық. Біз телеарнаның ресми аккаунттары мен сайтындағы ақпаратты мұқият тексеріп шығуға кеңес береміз. Өз кезегінде «Хабар 24» ұжымы қандай да бір ұтыстарды өткізбейтінін және интернетте құмар ойындардың жарнамасын жасамайтынын еске саламыз.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Ерлан Наурызбаев