Ауыл бюджеті көбейеді, ал содан жергілікті мәселелер шешіле ме?

Келер жылдан бастап елдегі ауылдардың бюджеті көбейеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Өйткені жергілікті салық түсімдерінің бір бөлігі елді мекеннің әкімдігіне беріледі. Сондай-ақ ауылдарда осы қаржының жұмсалуын қадағалайтын жергілікті басқару органы құрылмақ. Ол құрамға кімдер кіреді?

Елде ауылдың жеке бюджетін құру жұмыстары осыдан үш жыл бұрын басталды. Ол кезде салықтың алты түрінен түскен қаржы жергілікті әкімдікке берілген еді. Келер жылдан бастап тағы төрт түрі ауылда қалады. Яғни су ресурстарын пайдаланғаны үшін және акциздік тауар саудасынан түскен салық ауыл қазынасына түседі.

Ұлттық экономика министрлігі осыны жүйелейтін заң жобасын әзірлеп жатыр.

Мейіржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары:

– Мәселен, бір ауылдың бюджеті орташа есеппен 100 миллион дейік. Бұл сома бір ауылға көп, бір ауылға аз болады. Өйткені олардың көлемі мен халқының саны әртүрлі. Біздің есебімізше, алдағы жылдары елдегі елді мекендердің үштен бірі өз қаржысына өзі күн көретін деңгейге жетеді. Қазір бұл көрсеткіш 12-15 проценттен аспай тұр.

Жаңашылдық аясында салық көлемі де әр жерде әртүрлі бекітіледі.

Заңда оның минималды және максималды құны ғана көрсетіледі. Нақты сомасын ауыл әкімі жергілікті кеңеспен ақылдаса отырып белгілейді. Қаржының тиімді жұмсалуын да әкіммен қатар кеңес мүшелері бақылайды.

Мейіржан Иманбаев, ҚР ҰЭМ департамент директорының орынбасары:

– Қазір ауылға қаржы аудан мәслихатының шешімі бойынша бөлінеді. Енді ауыл бюджетіндегі ақшаны сол ауылдың тұрғындарынан құралған кеңес мүшелерінің келісімі бойынша жаратады. Кеңес мүшелерін биыл әкімді қалай сайладық, дәл сол жүйе бойынша ауыл тұрғындары сайлайды.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне көшкен жөн, әрине. Бірақ ауыл үлкен, кәсіпкерлері көп болса ғана. Өйткені ауыл бюджетін толтыратын кәсіпкер. Егер ол аз болса, салық та мардымсыз. Мәселен, Сайран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округі әкімдігіне түсетін жылдық салық мөлшері 700 мың теңге ғана. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Бірақ соған қарамай өткен жылы үнемделген қаржы есебінен балалар ойын алаңы салынған. Десе де ауыз су, ағын су, жол сияқты үлкен мәселелерге келгенде аудан әкімдігінсіз ештеңе шеше алмайды.

Мұхтар Шалаев, Үшқайық ауылдық округінің әкімі:

– Енді бұл ауылда кәсіпкерлер аз. Өйткені егіндікке келетін суымыз нашар. Егер суымыз келіп тұрса, онда егін жағы да болады, кәсіпкерлер де, елдің барлығы егінге көшіп, малға көшіп, сондай шаруалар көбейер еді. Кәсіпкер көп болса ауылда, салықтан түсім көп, ауылдың жағдайын көтеруге әбден болады. Өзіңнің қолыңда қаражат болса жақсы ғой.

Сарапшылардың айтуынша, ауыл қазынасына салықтың төрт түрінен түсетін қаржы қосылғанымен, сома үлкен емес. Сондықтан жаңашылдықтың ауылдағы жағдайды оңалтып жіберуі екіталай.

Мағбат Спанов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Бұған дейін алты салық түрінен түскен қаржы қайда жұмсалғанын қарасақ, жағдай түсінікті болады. Яғни бюджет қаржысы әкімдік аппаратын күтіп ұстауға және өзге де жекелей жұмыстарға жұмсалған. Ауылда спорт, мәдениет салаларын дамыту туралы сөз жоқ. Жаңа заң мінсіз деп айта алмаймын. Салықтың төрт түрінен түсетін қаржыны ауылға бергенімен, мәселе түбегейлі шешілмейді.

Заң жобасы әзірге дайындалып жатыр. Егер қабылданса, нәтижесі қалай болатыны белгісіз. Сарапшылар қаржының көлемі емес, жұмсалуын бақылайтын кеңес мүшесін сайлауға мән беріп, тиынына дейін тиімді жұмсайтын адамды таңдау маңызды дегенді айтады.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Зарина Бейсембина, Рауль Габитов, Жандос Султангазиев