Қарағандыда алғашқы экоавтобус жолға шықты

Енді бір ай бойы жолаушыларды тегін тасымалдамақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Саран қаласындағы зауытта жиналған бұл қоғамдық көлік тек электр қуатымен жүреді, қоршаған ортаны ластамайды.

«Жылдамдығы сағатына 70 шақырым», - дейді жүргізуші. Сыйымдылығы 30 адамға арналған. Ал толық қуатталған аккумуляторы 280 шақырымға жетеді. Әзірге сынақ түрінде жалғыз көлік жасалған. Егер автопарк тарапынан тапсырыс болса, көп мөлшерде өндіруге кәсіпорын қуаттылығы жеткілікті. Бағасы – 120 миллион теңге. Бұл экологиялық жағынан тиімді болғанымен, жол ақысының өсуіне ықпал етуі мүмкін.

Амангелді Ахметов, автобус жүргізушісі:

- Кондиционер мен пешке тоқ жұмсалмайды, ол бөлек сұйық отынмен жұмыс істейді. Сондықтан аккумулятордың қуаты біразға жетеді. Мәселен, Саран қаласында бір апта жүрдім.

Нұрсәулеш Бекбайқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Мынау ауамыз ластанып жатыр. Енді осыны тазартып жатсаңдар көп рахмет айналайындар. Бірінші рет көріп тұрмын. Мынаның іші деген рахат қой. Тап-таза, адамдарға отыруға лайықты. Қандай әдемі. Енді осындай жақсылық бола берсін елімізде.