Алматыдағы ықшам аудандардың бірінде саябақтың орнына тұрғын үй салынбақ

Алматы қаласы Самал ықшам ауданындағы 246-шы үйдің тұрғындары бір жылдан бері қала әкімдігінің есігін тоздырып жүр.

Өйткені бұл үйдің дәл қарсы бетінен көп пәтерлі тұрғын үй салынбақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал мұнда бұрын саябақ болған екен. Енді жұрт ауланы кеңейтудің орнына ауамызды тарылтатын болды деп алаңдап отыр. Алматының Самал ықшам ауданында бұрындары самал жел соғып тұратын.

«Биік-биік ғимараттар салынғалы жел емес, күнді де көрмейтін болдық», - дейді 246-шы үйдің тұрғындары. Мына жер қоршалмай тұрып қарт кісілер қолдары қалт ете қалғанда осында серуендеп келсе, бір жылдан бері биік қоршаудың иесін таба алмай сенделіп жүргендерін айтады. «Тіпті бұл жердің жекенің қолына өтіп кеткенін енді ғана білдік», - деп отыр.

Андрей Щульга, қала тұрғыны:

- Бұл тек серуендейтін жер емес, осы үйдің тұрғындары үшін қауіпсіз аймақ еді. Қаладағы төтенше жағдай мамандарына айттық. Бетін ары қылсын, алда-жалда жер сілкіне қалса біз қайда барып бас сауғалаймыз десек, бір шақырым жердегі мектептің ауласын айтады. Ол жерге қарт кісілер қалай жүгіріп барып үлгереді.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Былтыр биік қоршау салына бастағанда тұрғындар бірден шағым айтып, әкімдікке барған. Әкімдік қызметкерлері келіп тексеру жүргізген соң құрылыс жұмыстарын тоқтатуды ескерткен. Алайда тапсырыс беруші «Самал Residence» компаниясы бұл ескертуді елемеген секілді. Тұрғындардың айтуынша, құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатқан көрінеді. Бүгін сол құрылыс алаңына барып, жердің қожайынымен тілдескіміз келді. Алайда күзетші «басшылық қазір жоқ» деп қақпаны жауып алды.

Наталья Колупаева, қала тұрғыны:

- Біздің үйде бір белсенді әйел бар. Ол кісі бізге келіп, «мына қағазға қол қойып беріңіздер үйдің шатырын жөндетіп алайық», деді. Бірақ ол құжатта бұл жерге үй салынады деген сөз болмады. Бәріміз қол қойып бердік. Кейін білсек, 77 тұрғын құрылыс жүргізуге өз келісімін берді деп айтыпты. Бұл енді нағыз барып тұрған алаяқтың ісі.

Самалдықтар «біздің бұрынғы саябағымызды қайтарып берсе» деп отыр. Дегенмен, әкімдіктен көмек болмай тұр. Жекеменшік компания бірнеше рет сотта жеңіп шығыпты. Енді Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы бұл мәселе бойынша Жоғарғы сотқа шағымданғанын айтты. Сот шешімі шықпайынша ешқандай мәлімет бере алмайтындарын жеткізді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Эдуарл Кон