Қазақстанда риелторлық қызмет қашан реттеледі?

Кез келген азамат жылжымайтын мүлік саудасымен айналыса алады.

Заң жүзінде ешқандай кедергі, шектеу жоқ. Бірақ бір қарағанға оңай көрінгенмен, кәсіптің көлеңкелі тұсы жетерлік. Халықты бір алдап ақшасын алатын, мемлекетті тағы алдап салығын төлемейтін риелторлар бар нарықта, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құқық қорғау органдары оларды алаяқтардың қатарына қосқандықтан, мұндай арсыздардың дөп санын айту мүмкін емес. Көлеңкелі бизнесті өрбітетін алаяқтарға неге тоқтау жоқ?

Бақыт Топтаева, тілші:

- Кристина Бубенко алаяқ риелторға тап болып, ақшасынан қағылған. Осыдан бірер жыл бұрын ол бас шаһардағы жалдамалы пәтерін ауыстырмақшы болған еді. Мәселені тездетіп шешу үшін тегін жарнама сайтынан риелтор іздейді. Біреуімен телефон арқылы хабарласып, көңілі қалаған ауданнан пәтерді бірге қарауға келіседі. Кездескен бетте Кристина риелторға шарт қояды: пәтер таза, қандаласыз болуға тиіс. Осыған келіскен риелтор иесі апта соңында босататын пәтер ұсынады.

Кристина Бубенко, қала тұрғыны:

- Сол күні пәтер жалдау туралы келісімшартқа отырдық. Мен оған пәтерақының алдын ала бір бөлігі мен көрсеткен қызметінің ақысын бірден төледім. Бәрін қоса есептегенде шамамен 50 мың теңге шықты. Сөйтіп, апта соңында одан хабар күттім. Бірақ ол хабарласпады. Өзім телефон шалып хабарласқанымда: «пәтер босады, тек бір ғана мәселе бар. Онда қандала бар» деді.

Әрине, Кристина пәтерден бас тартып, басқасын табуды сұрайды. Бірақ іс созылып кетті. Ақыры ақшадан да, пәтерден де құр қалғанын түсінген ол полицияға арызданады. Сөйтсе, дәл сол риелтордың үстінен бұған дейін шағым түсіргендер бар екен. Бірақ өзге қалаға тайып тұрған риелтордың ізіне сол күйі ешкім түспеді. Жалпы заңды белден басып, халықты алдайтын мұндай риелторлардың әрекеті алаяқтық ретінде тіркеледі. Бірақ қанша адамның олардан зардап шегетіні туралы ресми статистика жүргізілмейді.

Нина Лукьяненко, Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығының кеңесшісі:

- Кейбір сайттарда тексерілген риелторлардың тізімі ұсынылады. Бірақ бұл да көз бояушылық. Тіпті адал деген риелторлардың салық қызметінде тіркелгенін, арнайы оқудан өткенін растайтын дәйек жоқ. Ал, мұның соңында қарапайым халық жапа шегеді.

Ия, алаяқтың кесірі жұмысын адал атқаратын риелторларға тиеді. Нина Лукьяненконың пікірінше, бұл қызметті атқаруға бел буған кәсіпкерлерді жіті тексеру керек.

Нина Лукьяненко, Қазақстан риелторлары бірлескен қауымдастығының кеңесшісі:

- Мемлекеттік органдар көлденең келген көк аттылардың риелторлықпен айналысуына жол бермеуге тиіс. Мысалы, бүгінде риелтор атану үшін жеке кәсіпкерлік нысанын тіркеу жеткілікті. Сайтта өтініш қалдырып, кәсіпкерліктің аясын белгілесең болды. Қағаз жүзінде рұқсат берілген соң ісіңді қалағанынша жүрізуіңе болады. Алайда жылжымайтын мүлік нарығында қызметіңді ұсынбас бұрын ұлттық стандарттармен танысып, біліктілікті растайтын сынақтан өту керек деп ойлаймын.

Қазақстанда риелторлық қызметтің мемлекеттік стандарты жасалған. Шындығы сол, екінің бірі оны елей бермейді. Жалпы бұл кәсіппен заңды түрде айналысу үшін халықаралық тәжірибеге сай рұқсат лицензиясы берілуге тиіс. Әлемнің көптеген елдерінде риелтор лицензиясына қол жеткізу үшін бірнеше шартты орындау керек.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Алғашқы қадам – лицензияға қол жеткізудің шарттарымен танысу. Яғни, құзыретті органға қандай құжат тапсырып, мемлекеттік сынақтан өту үшін қанша ұпай жинау керегін біліп алған маңызды. Мемлекеттік сынақ демекші, лицензия алу үшін болашақ риелтор міндетті түрде арнайы курсты тәмамдауға тиіс. Бұл екінші қадам. Әдетте мұндай курстар ақылы болады. Ол жерде риелторлық қызмет этикасынан бастап жылжымайтын мүлікті сатудың құқықтық нормалары, жалпы кәсіптің өзге де қыр-сыры үйретіледі. Оқу аяқталған соң мемлекеттік емтиханға дайындық басталады. Айы, күні белгіленген сынаққа кіру үшін де мемлекетке жарна төленетіні ескерген жөн. Қажет ұпай жинап, сынақтан сәтті өткендерге арнайы сертификат беріледі. Сол сертификат пен өзге де құжаттарды болашақ риелтор құзырлы органға апарып тіркетеді. Міне, осыдан кейін ғана риелторлық қызметпен ресми түрде айналысуға рұқсат беретін лицензияға қол жеткізе алады. Мұнымен шаруа бітті деуге келмейді. Кей елде қолына лицензиясы түскен бетте риелторлар қауымдастығына кіру міндеттеледі. Ондай ұйымға мүше болу үшін әрине тағы шығындалу керек.

Осылайша, шетелде риелтор атану үшін бірталай ақша мен уақытты сарп ету керек. Нәтижесінде нарыққа тек білікті мамандар ғана келеді. Ал біздің елде әзір мұндай қатаң талап жоқ: кез келген қазақстандық жылжымайтын мүлік саудасымен айналаса алады. Заң жүзінде риелторлар қызметі реттелмеген, саланың кемшін тұсы да осы. Соның салдарынан көлеңкелі бизнес өрбиді. Себебі, елді алдап ақша алып, қан қақсататындар салық төлемейтіні бесенеден белгілі. Өкініштісі сол, арсыз риелторлардың экономикаға тигізер зардабын да ешкім есептеп көрсеткен емес. Риелторлықтың құқықтық, лицензиялық жүйесін құру мәселесінің кенде қалғаны осыдан болуы мүмкін.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Азамат Саметов, Жандос Айтбай, Григорий Беденко, Әсел Орынтаева