Елордалық үлескерлер бес жылдан бері үйлеріне кіре алмай жүр

Елордада 5 жылдан бері үйіне кіре алмай жүрген тұрғындар бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

EXPO көрмесі басталарда қомақты қаржы құйып, бір жылда жаңа баспанаға жайғасамыз деген жұрт алаяқтардың арбауына түсіп қалған. Элиталы тұрғын үй кешенін тұрғызып беремін деген мердігер кейін істі болып, сотталып кетті.

Былтыр қала әкімдігі әлгі үлескерлерге араша түскендей болып еді. Оларға басқа құрылыс компаниясын тауып беріп, «келесі жылы үйлеріңе кіресіңдер» деген. Бірақ ашынған жұрт «оларға да сенуден қалдық» дейді. Өйткені бәрін бітіріп береміз деген мамандар құрылысты тағы созбалаңға салған.

Бұлардың қырық пышақ болып жүргеніне 5 жылға жуықтады. «Әу баста тәп-тәуір-ақ баспана болады деп ақша құйып едік», дейді. Элиталы тұрғын үйде тұрамыз деп 300-ге жуық отбасы құрылыс компаниясына миллиондап қаржы аударған. Ақыр соңында барлығы жер сипап қалды. Үй де жоқ, сытырлатып санап берген әлгі ақшалардың қайда кеткенін ешкім білмейді.

Күләйхан Әбдікәрімова, үлескер:

- 2016 жылы осы жерден екі пәтер аламын деп 50 миллион теңге ақша бердім. Құрылыс жұмыстары сол жылы желтоқсан айында бітуі тиіс еді. Мердігерлер EXPO көрмесі басталғанға дейін салып береміз деп сендірді. Алайда 2017 жылы құрылыс кілт тоқтап қалды. Не болғанын түсінбей абдырап қалдық.

Үлескерлерді алдап соққан әлгі құрылыс компаниясының басшысы қазір түрмеде. Сол жылы бірнеше нысанды қатар салып беремін деп жүздеген адамнан ақша жинаған ол бар қаржыны қылғытып жібергенге  ұқсайды. Тіпті мына үйлер тұрған аумаққа құрылыс жүргізуге рұқсат алмаған.

Күләйхан Әбдікәрімова, үлескер:

- Тұрғын үй кешені орналасқан жерді сотта дауласып жүріп заңдастырып алдық. Кейін үйді толық салып беретін инвесторлар іздедік. Былтыр қала әкімдігі қол ұшын созамыз деп «Елорда құрылыс» компаниясын ұсынды. Барлық жұмысты соларға тапсырды. Олар «НАК» компаниясымен келісіп, тұрғын үйді 2022 жылдың қаңтар айында бітіріп береміз деді.

Сонша жыл сарыла күткен баспанаға әне-міне жайғасамыз деп жүрген үлескерлердің үміті тағы үзілді. Өйткені бітпей қалған құрылысқа жауапты болған жаңа компания өкілдері бұлармен тілдесуден қашқақтайды екен. Мән-жайды түсіндірмейді. Жұмыстың қалай жүріп жатқанын көрсеткілері келмеген. Тек тілшілер барған соң амалсыз қақпаны ашты.

Жылдар бойы құрылысы тоқтап тұрған кешенді салу биыл ақпан айында қайта жалғасқан. Мердігерлер бір жылда 21 үйді толық салып береміз деп сендірген екен. Бірақ жарты жыл өтті, сең қозғалмады. Құрылыс компаниясы әлі бірде бір үйді қолданысқа бермеген.

Бағдат Ақашова, үлескер:

- Мұндай сұмдықты мен бірінші рет көріп тұрмын. Біз келіп мына жерде айғай-шу шығарамыз. 20 шақты, жүз шақты адам келіп жұмыс істейді. 2-3 күннен кейін оларда жоғалып кетеді. 2022 жылы қаңтарда үйді қолданысқа береміз деп отыр.

- Соған сенесіз бе?

- Сенбеймін, мен бұларға сенбеймін. 20 үйді қалай бітіреді олар қаңтарға дейін? Ертең қыс түседі, сосын қыс келді деп тағы отырады.

Құрылыс алаңына барған үлескерлер жұмыс істеп жатқан жиырма шақты адамды ғана көрдік дейді. Бірақ құрылысқа жауаптылар 200-ден аса маманның талмай еңбектеніп жатқанын айтты. Барлығын жоспар бойынша аяқтаймыз деуден танған жоқ.

Сергей Кокарев, құрылыс аумағының басшысы:

- 20 шақты бригада бар. Әрқайсысында кемі он адамнан. Ұзын-ырғасы 280 адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс тоқтаған жоқ. Ақша уақытылы бөлініп жатыр. Сондықтан үйлерді жоспар бойынша салып бітіреміз.

Үлескерлердің арасында бар ақшасын осы құрылысқа жұмсап, бала-шағасымен пәтер жағалап жүргендері бар. Кейбірі тіпті несие алыпты. Сонысын енді төлей алмай әлек. Мердігерлер үйді уақытылы салып бермесе, алдағы күніміз не болады деп алаңдап отыр. Кімге барып жүгінерін білмейді. «Өйткені әкімдікке қалтқысыз сеніп едік, солар ұсынған компанияның сиқы мынау», - деп ашынды жұрт.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Наурызбай Құрманғазы