ҚР Қорғаныс министрі халықаралық VII Армия ойындарына қатысты

Бүгін армия халықаралық ойындары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ресми ашылу салтанаты Мәскеу түбіндегі Алабиноның «Патриот» паркінде өтті. Оған еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев қатысып, шетелдік әріптестерімен бірқатар кездесу де өткізді.

Армия ойындарының ашылу салтанаты Ресей Президенті Владимир Путиннің құттықтау сөздерімен басталды. Ол әскери сайыстардың халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы және сарбаздардың кәсіби шеберлігін арттырудағы маңызын атап өтті. Биылғы бәсеке 11 мемлекеттің аумағында болады. Оған 40-тан астам елдің командасы қатысып, 34 бағыт бойынша өзара сынға түседі.

Айта кету керек, Қазақстан аумағында 2 конкурс, яғни, «Артиллериядан оқ ату шебері» және «Сұңқар аңшылығы» өтеді.

Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев шетелдік әріптестерімен бірқатар кездесу өткізді. Сонымен қатар ол танк биатлонына қатысатын Қазақстан командасының басшылығымен жолығып, әскери қызметшілердің дайындығын талқылады. Оларға Қарулы күштер жеке құрамының атынан сәттілік тіледі.

Бексұлтан Алдаберген, танк командирі, аға лейтенант:

- Ойынның салтанатты ашылуы да, ұйымдастырылуы да жоғары дәрежеде өтуде. Бұл жерде серіктестік пен достастықтың жағдайы қалыптасқанмен бәсекелестік байқалуда. Барлығы жан-жақты дайындалып клеген. ҚР Қарулы куүштері атынан қатысып тұрғанды мақтан тұтамын.

Қорғаныс министрі биыл да айтулы жарыспен паралель өтіп жатқан «Армия-2021» халықаралық әскери-техникалық форумында болды.

Авторы: Аслан Қаженов