Еңбек ұжымдары вакцина алуды қолдап отыр

Індеттің таралуын тоқтату мен қоғамдық иммунитет қалыптастырудың бір жолы вакцина салу. Еліміздегі көптеген ірі кәсіпорындар бұл қағиданы қолдап, ұжымдық екпе алуды ұйғарған. Медициналық мекемелер мен тәртіп сақшылары, білім беру саласының мамандарын айтпағанда жекелеген өндірістер де бұл үрдісті қолдап отыр.

Уран өндірісін күкірт қышқылымен қамтамасыз ететін қызылордалық бұл компанияда санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарымен арнайы кездесу ұйымдастырылған. Коронавирустың таралу жолдары мен алдын алудың әдіс-тәсілдері айтылды. Вакцина салу сақтық шарасының негізі екендігі де қарапайым тілмен түсіндірілді. Нәтижесінде компания қызметкерлерінің 99 проценті вакцина салдырған. Тек ғана 3 адам денсаулық жағдайына байланысты кейінге қалдырып отыр. Екпе алған әр қызметкерге екі күн демалыс, сондай-ақ 15 000 теңге сыйақы да берілген. Жаппай вакциналаудың нәтижесі де ойдағыдай.

Дүйсен Шардарбеков, компанияның өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бас техникалық жетекшісі:

- Қазіргі таңда бізде мекемеде ешқандай ауру, не болмаса қызметкерлерге кері әсерін тигізген емес. Ондай жағдай тіркелген емес. Қазір зауыт біз жеткен көрсеткішке байланысты толық үздіксіз жұмыс істеп тұр. Белгіленген көлемдегі өндіріс жоспарын орындап жатыр. Тоқсан пайыз ұжымдық иммунитет қалыптасты.

Ал Шымкенттегі құс фабрикасының барлық қызметкері 1 тамызға дейін екпенің екі құрамдас бөлігін алып үлгерген. Нәтижесінде жұмыртқа өндіретін мекеме толық штаттық режимде жұмыс істеуде. Өнім көлемін 120 миллион данаға жеткізуді мақсат еткен серіктестік «жұмысшы денсаулығы біз үшін өте маңызды» дейді.

Абырой болғанда, биыл қызметкерлер арасында ешкім індет ілмегіне ілінбеген. Қазір жұмыртқаға деген сұраныс салыстырмалы түрде сәл саябырсып тұр. Себебі карантиндік шектеулердің салдарынан өнімге деген сұраныс азайыпты. Алайда қыркүйек айында мектептер онлайннан офлайнға ауысып, оқушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген сәттен көбеюі тиіс деп үміттеніп отыр. Ұжымдық иммунитет қалыптасса карантиндік шектеулердің де жеңілдетілетіні белгілі.

Асылбек Досболов, серіктестік директорының орынбасары:

- Кешегі 1 тамыз айына дейін барлығы 100% вакцинация жүргізілді жұмысшыларымызға. Біз азық-түлікпен айналысатын болғандықтан вакцинацияны бірінші болып жасауым керек. Біздің жұмыртқа өзіміздің Шымкент шаһарына сонымен қатар өзіміздің көршілес Түркістан облысына апарып береміз. 

Еліміздегі үшінші мегаполисте эпидемиялогиялық ахуал тұрақталып келеді. Шымкентте соңғы тәулікте 147 адамнан короновирус инфекциясы анықталып, көрсеткіш өткен күнмен салыстырғанда 2-3 есе азайған. Қала билігі мұны вакцина салдырған азаматтардың қатары артқандығымен байланыстырып отыр. 

Мансұр Есқожин, Айбек Даутов