Ауғанстандық студенттер Қазақстанда қалдыруды сұрап отыр

Қарағанды университетіндегі оқуын аяқтаған ауғанстандық жастар Қазақстанда қалғысы келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бес жыл бойы мемлекетаралық келісіммен оқыған 12 түлектің визасы 1 қыркүйекте аяқталады екен. Солардың бірі Абдулкасар Рассули қазір сол жақтағы ата-анасы үшін алаңдайды. Өзінің елге қайтқысы жоқ. Виза мерзімін ұзартса деген өтініші бар. Ал көші-қон полициясы әзірге қандай да бір шешімге келген жоқ.

Қазір бұл студенттер оқуы аяқталса да университеттің жатақханасында тұрып жатыр. Құрылысшы дипломын алған шетелдіктер виза болмаған соң жұмысқа да тұра алмайды.

Абдулкасар Рассули, Қарағанды техникалық университетінің түлегі, Ауғанстан азаматы:

– Біз елімізге бара алмай жатырмыз. Өйткені сол жақта соғыс болып жатыр. Біз жаспыз ғой, жақсы өмір сүргіміз келеді. Сол үшін бара алмаймыз. Ол жақта соғыс. Өйткені біз басқа елден келеміз ғой. Егер біз Ауғанстанға барсақ, «Талибан» бізді өлтіреді. Не үшін басқа елге барып оқыдың деп.  

Жарқын Түсіпбеков, ҚарТУ Рухани-адамгершілік тәрбие жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары:

– Университет әкімшілігі қиын жағдайға түскен шетелдік студенттерге үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қазіргі жағдайда ең басты мәселе – виза мерзімін ұзарту. Содан кейін елшілікке хабарласуға болады. Біз өз тарапымыздан әзірге оларды жатақханамен қамтамасыз етіп отырмыз.