Алматыдағы Құрамыстың тұрғындары сусыз отыр

Алматыдағы Құрамыс шағын ауданында бірнеше көшенің тұрғындары бір аптадан бері сусыз отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаздың ыстығында жуыну тұрмақ, ішерге су таппай қалған жұрттың арызын тыңдар құлақ болмай тұр. Тұрғындар енді кімге барып көмек сұрарын білмейді.

Айнұр Құлжанова бір аптадан бері суды дүкеннен сатып алып жүр. Оның өзі тек шай қайнатып, тамақтың қажеттілігінен артылмайды. Ал балаларын шомылдырып, кірлеген киімдерін жуу жайында қалған. Өткен аптада су тоқтаған күннен бастап жергілікті билік пен Алматы су мекемесіне хабарласыпты. Алайда жауаптылар мәселені бір-біріне сілтеп келген.

Айнұр Құлжанова, тұрғын:

– Наурызбай ауданының әкімшілігінен ешқандай адам келмейді, біздің уәжімізді тыңдамайды. Осы неше күннен бері Ақшатыр, Үржар, Сейдімбек көшесінің бүкіл проблемасын неше рет хабарласып, түрлі бейнетаспаға түсіріп жіберіп жатырмыз.

Құрамыс тұрғындары жиырма жыл бұрын өз күштерімен су тартып алған. Осы күнге дейін ауыз судан таршылық көрмепті. «Мәселе аумаққа кәріз және орталық су құбырын тарта бастаған соң туындады», – дейді. Жер қазатын техникалар ескі құбырды бүлдіріп, қалпына келтірмеген деп отыр.

Әкімдік өкілінің айтуынша, жеке үйлердің аумағынан жүргізілген ескі құбырлар ешқандай талапқа сай келмейді. Пластик құбырлардағы ақауды анықтау да қиындық тудырады екен. Мәселе шешілгенше тіршілік нәрін арнайы көлікпен жеткізіп тұрмақшы. Ал орталық су құбыры тек жыл соңына таман пайдалануға беріледі деген жоспар бар.

Өркен Қодаров, Наурызбай аудандық әкімдігінің коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

– Алматы облысы кезінде өздерінің күшімен тартылған. Ол ешқандай талаптарға келмей жатыр. Өйткені жеке аумақтан өтеді, құдықтары, авариялық крандары жоқ, гидранттары жоқ. Бізге қызмет көрсетуге қиындық туғандықтан, Алматы су коммуналдық басқармасының нормативіне сәйкес келмейді.

Сусыз қалған 4 көшенің тұрғындары арнайы көлікпен әкелінетін суға қарсы. Өйткені ол 50-ден аса үйдің қажеттілігіне жетпейді екен. Олар орталық су құбыры іске қосылғанша ескісін қалпына келтіріп беруді талап етіп отыр.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Эдуард Кон