«Біз сонда өзімізді өртеуіміз керек пе?» – Кірпіш зауытының басшысына шағымданғандар

Кірпіш зауытында шу шықты. Түркістан облысында былтыр жиырмаға жуық тұрғын кірпіш сатып алу үшін зауыт басшылығымен келісімшартқа отырып, алдын ала ақшасын төлеп қойған. Содан бері бір жыл өткен. Енді кірпіш те, ақша да жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал зауыт басшысы ізін суытқан. Зауыттың тұтынушыларға берешегі – 40 млн теңге.

Бұл бір жылдан бері өздеріне тиесілі кірпішін даулап, ала алмай жүрген тұрғындар. Олар бүгін құрылысқа қажетті жабдықтың 100-ден астам түрін шығаратын ірі кәсіпорынның кеңсесіне келіп тағы да шу шығарды. Себебі халықты арзан кірпішпен жарылқаймыз деп алдап соққан жауапсыз азамат зауытты осы компаниядан жалған алған. Сондықтан амалы таусылған жұрттың осы мекемеге қайта-қайта келуінің сыры да сол.

Алмас Балтабайұлы, Түркістан қаласының тұрғыны:

– Біреу 3 млн, біреу 5 млн төлеген. Жалпы сомасы қазір 40 млн теңгенің айналасында. «Нұр-Стройға» келсек, Тайырханға ақша бергенсіңдер, жалға берушіден талап етіңдер дейді. Қалалық ішкі істер басқармасына өзіміз бас директорды апарып бердік. Беттестірді, «20 күннің ішінде ақшаны қайтармын» деді, бірақ қайтармады.

Зардап шегушілер ішкі істер органдарына да шағымданған. Алайда қолданыстағы заңға сәйкес, екі жақты келісімшарт болғандықтан, бұл қылмыстық емес, азаматтық іс болып қаралатынын айтқан. Сондықтан тергеушілер барлығына бірдей сотқа арыздануға кеңес беріпті. Ашынған жұрт кірпіш болмаған соң, жоспарлап қойған жұмысының бәрі тоқтап қалғанын айтады. Бірі үйін бастап қойған, екіншісі қора-жайын бітіре алмай сарсаңға түскен.

Базарбай Ибашев, Сауран ауданының тұрғыны:

– Мен 1 млн 260 мың ақша бергенмін. Не кірпіш алған жоқпын, не ақшамды алған жоқпын. Балам үй салуы керек еді. Қазір үй де сала алмай отырмыз. Кірпішімізді былтыр алуымыз керек еді, былтыр да жоқ, биыл да жоқ.

Құрбан Абылов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының тұрғыны:

– «Тайырхан, не болды?» деп хабарлассам, «мен зауытты сатып алайын деп жатырмын. Үйтіп жатырмын, бүтіп жатырмын. Содан кейін сізге беремін» деді. «Хабар өзімнен болады» деді. Хабар болмаған соң мен Саурандағы кірпіш зауытына бардым. Қарауылдар «ол кісілердің бәрі босап кеткен» дейді. Біз сонда не істеуіміз керек? Мына жерде өзімізді өртеуіміз керек пе? Өзімізге қол салуымыз керек пе? Қалай шешілуі керек, мен соны түсінбей отырмын.

Шулаған жұрт жиылған соң, сыртқа кәсіпорынның заңгері шықты. Олар да зауытты жалға алған азаматқа алданып, шығынға батқандарын айтып ақталды. «Біз де сіздер сияқты жалға алушыдан зардап шегіп отырмыз» деп сотқа берген құжаттарын көрсетті.

Алмас Әбдіхалық, кәсіпорынның заңгері:

– Мен бұл кісілерге айтқанмын. «Сіздер 25 болсаңыздар, біз 26-шымыз» деп. Біз де зардап шегіп отырмыз. Міне, қараңыздар, бізге де 76 млн теңге қарыз. Одан бөлек, 2 млн 288 мың теңгені сотқа бергеніміз үшін төледік. Сотқа бердік, міне, қолымда менің арызым тұр.

Қазір кәсіпорынның зауытты жалға алушының үстінен түсірген арызы бойынша облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында іс қаралып жатыр.

Құрасбек Рысқұлбеков, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы:

– «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС сотқа арызбен жүгініп, онда жауапкер «Шейх кз ЛТД» ЖШС жалпы 70 млн теңге көлемінде қарыз және материалдық шығынды өндіруді сұраған. Талап-арыз сот өндірісіне қабылданып, азаматтық іс қозғалған. Қазіргі таңда іс бойынша сот талқылауы ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне тағайындалды.

Ал арзан кірпіш аламыз деп алданып қалған тұрғындар мәселесінің қалай шешілері әзірге белгісіз.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы