БҚО-да жаңа оқу жылында 7 мектеп жабылады

Оған білім ордасында бала санының толмауы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар ауылдық жерлердегі бастауыш білім ошақтары мен облыс орталығындағы сауықтыру мектеп-интернаты. Айта кету керек, аймақта мұғалім тапшылығы да анық байқалып отыр. Қазір білім ұяларына 300-дей педагог жетіспейді екен. 

Аймақта үш ауысымда оқытатын 5 білім ошағы бар. Соның үшеуі облыс орталығында. Қалған екеуі Ақсай қаласы мен Подстепный ауылында. Зашаған кентіндегі нөмірі 20 мектеп 900 оқушыға есептелген. Алайда мектептегі бала саны 2300-ге жеткен соң үш ауысымда оқып келді. Биыл бастауыш сынып оқушылары көршілес орналасқан сауықтыру мектеп-интернатының ғимаратында оқитын болды. Аталған білім ошағы жуырда белгілі себептерге байланысты жабылған болатын.     

Анна Ливинцова, қала тұрғыны:

– Менің үлкен ұлым 20-мектепте оқыған еді. Енді биыл бірінші сыныпқа баратын балам да осы мектептің ғимаратына келіп оқитын болды. Бұл біз үшін өте қолайлы, өйткені енді бұрынғыдай 3 ауысымда оқымайды. Үйге де тезірек қайтады.   

Нұргүл Өтеғалиева, мектеп директоры:

- Үш ауысымды жою мақсатында М.Өтемісов атындағы облыстық сауықтыру мектеп-интернатына 1-4 сынып оқушыларын 1058 бала ауыстырғалы жатырмыз. Оқушылар мұнда білім алумен қатар қосымша үйірмелермен қамтылады. Бұл мектеп-интернатта жұмыс істеп жатырған жұмысшылар жұмыспен қамтылды.

Айта кетерлігі, аймақта педагог кадрлар тапшылығы айқын сезіліп отыр. Облыс мектептерінде 388 мұғалім жетіспейді екен. Олар негізінен психолог, логопед және тіл мамандары. Дегенмен мектептердің барлығы да жаңа оқу жылына дайын күйде. Сабақтардың ұзақтығы 35 минут, ал сыныптарда бала саны 25-тен аспауы тиіс.  

Айгүл Мыңбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жыл соңына дейін облыста 3 мектептің құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде жыл соңында 3 апатты мектеп жойылады. Қалған екі мектептің құрылысы 2022 жылы аяқталу жоспарлануда. Ақжайық ауылындағы Атамекен ауылында М.Өтемісов атындағы орта мектеп пен Қазталов ауданындағы Қоныс ауылындағы мектептердің күні бүгін модулдық мектеп үлгісінде салу құрылыс басқармасымен қарастырылуда.          

Жаңа оқу жылында санитарлық ережелерді қатаң сақтауға ерекше мән берілмек. Оқушылар қатерлі індетке шалдыққан жағдайда қашықтан оқу форматына ауыстырылады.

Айта кету керек, күні бүгін облыс педагогтарының 95 проценті екпе салдырған.   

Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов