Риддер тұрғындарын ескі аурухана алаңдатып отыр

Көне ғимараттың қасбеті опырылып құлап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дегенмен бұдан да өзекті мәселе – маман тапшылығы. Әсіресе, реаниматологтар мен рентгенологтар жетіспейді.  

Гүлнар Кітаппаева – Риддер қалалық ауруханасының бас дәрігері. Ол мына ғимараттың 70 жыл бұрын салынғанын айтады. Сондықтан заман талабына сай қызмет көрсету арман ғана. Дәрігерлер де, жергілікті тұрғындар да тезірек жаңа нысан салынса екен деп тілейді.

Прасковья Кузнецова, Риддер қаласының тұрғыны:

- Аурухана жағдайы туралы не айтуға болады? Палаталарда қабырғалар құлап жатыр. Төсектері ескі. Босануға келгем осында, екінші баламды басқа жерде тусам деймін. Өйткені мұнда мүлдем қорқынышты.

Қазір жаңа аурухана мен емхананың жобасы дайын тұр. Алайда құрылыстың нақты қашан басталары белгісіз. Өйткені тым қымбат есептеліпті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл туралы жұмған аузын ашпады.

Гүлнәр Кітаппаева, аурухананың бас дәрігері:

- Бүгінде ауруханада мамандар тапшы. 1 миллион теңгеге дейін көтерме ақы беруге дайынбыз, әкімдік тарапынан баспана мәселесі де шешіліп отыр. Өкінішке қарай, соңғы 10 жылда жағдай өзгермеді.

Ауруханада 13 маман жетіспейді екен. Жұқпалы дерт асқынып тұрған шақта реаниматолог пен рентгенологтардың зары өтіп тұр. Тағы 13 дәрігер бала күтіміне байланысты демалыста. Сондықтан қазір мұндағы мамандарға салмақ екі есе артқан. Дегенмен ақ халаттылар жаңа аурухана салынса, барлық ауыртпашылық ұмытылып кететініне сенімді.

Болат Көкенайұлы, Әнел Есенбердина, Жігер Бабақанов