Тарбағатайдан табылған алтын бұйымдар түркі қағандарына тиесілі болуы мүмкін

Эксклюзив жаңалық. «Елеке сазы» қорымынан сирек кездесетін екі археологиялық артефакт табылды. Шамамен 6-8 ғасырға тиесілі қос алтын әшекейде Батыс Түркі қағанатының билеушілері бейнеленуі мүмкін дейді археологтар.

Мына екі алтын салпыншақтың Тарбағатай өңірінен табылғанына 1 ай да болған жоқ. Археологиялық қазба жұмыстарына жетекшілік еткен белгілі археолог Зейнолла Самашев.

Зейнола Самашев, археолог:

- Батыс түркі мемлекетінің жергілікті бір қағанның соның құрметіне қойылған кешенді аштық. Ол кездегі әдет-ғұрып бойынша сол қағанды өртеген. Өртеген жерінде үлкен храм жасаған екен.

Қос әшекейге мұқият зер салсақ, бірінің пішіні жақсы сақталған. Басына тәжін киіп тақта отырған қаған бейнесін көруге болады. Екінші жәдігердің сол жақ шеті балқып кеткен. Алайда ондағы бейненің бет кескіні анық көрінеді.

Зейнола Самашев, археолог:

- Көне түркі қағанының тақта отырғаны жанрлық композициямен бейнеленген. Екі жағында екі көмекшісі бар. Тізесін бүгіп ана кісіге табақ әкеліп тұр. Табақпен тамақ әкелді ме немесе жазулар жазылған бірдеңе әкеліп тұр ма оны артынан тексереміз.

«Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақов мұндай археологиялық анықталу төл тарихымыздың тамыры тереңде жатқанын айғақтаса керек дейді.

Сапар Ысқақов, «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі:

- Бұл жаңағы сол түсінбейтін адамдарға берілген жауап. Олардың бәрінің ауызын жабатын нәрсе. Бізде ел де болды. Хандарымыз да болды. Шекарамыз да болды. Олар енді тарих болғаннан кейін өзгеріп тұрды. Ал енді біз осы міне хандардың ұрпағымыз.

«Елеке сазы» қорымынан соңғы табылған құнды жәдігерлер Шығыс Қазақстан облысының тарихи өлкетану музейіне тапсырылды. Егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстарына еуропалық мамандар да атсалысады.

Мирлан Алтынбек, Қуаныш Қожабеков