Шымкентте салықты бақылау бөлімінің басшысы сотталды

Шымкентте салықты бақылау бөлімінің басшысы алаяқтық әрекеті үшін сотталды. Әл-Фараби аудандық соты мемлекеттік қызметшіге қатысты үкім шығарды.

Анықталғандай, ол әріптесіне «соңына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері түсті» деп алдап, 5 миллионн теңге берсе мәселені шешетінін айтқан. Сондай-ақ алдағы уақытта қамқор болып, қанатының астына алатынын жеткізген. Алайда әріптесі бірден жемқорлықпен күрес қызметіне хабарласып, мән-жайды түсіндіреді. Сотта прокурорлар алаяқтық әрекет жасаған бөлім басшысын 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ сот 150 млн теңге айыппұл салды. Ол енді өмір бойы мемлекеттік органдарда жұмыс істей алмайды.

Сәбит Төреханов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы:

- Сот қылмыстық істің барлық материалдарын зерттей келіп, оның кәмелет жасына толмаған төрт баласының бар екенін ескере отырып, 150 млн теңге көлемінде, айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Сондай-ақ сот бұл соманы өтеу үшін оған үш айға дейін уақыт берді.