425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Оралда қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлар жұмысқа шықпай қалды

  • 155
  • UPD: 22:15, 25.08.2021

Оралда қоғамдық көлік жүрмей қалды. 22 бағыттың автобус жүргізушілері мен кондукторлары бір мезетте жұмыстан бас тартқан. «Талап көп, жалақы аз» дейді олар. Оның үстіне жаңа еңбек шартының да тиімсіз тұстары көп. Енді жұмысшылар өз еркімен қызметінен кетіп жатыр.

Жүргізушілер еңбек шартында келісілген жалақыны толық ала алмай жүргенін айтып ашынды. Олар жұмысқа таңғы сағат 5 шамасында келіп, содан кешкі 11-лерге дейін жүреді. Алайда күнделікті кестеге 10 сағаты ғана есептелетін көрінеді.

Жанболат Кенесарин, автобус жүргізушісі:

- 2015 жылдан бері қарай жұмыс істеп келе жатырмын. Қазір жұмыстан шығып жатырмын өз еркіммен. Жұмыс берушілердің шарттары ұнамайды. Жалақы деген бізге қолға 250 мың деді, қолдарыңа алатындарын 200-180 мың теңге деді. Ондай шықпайды. Сосын бізде переработка всегда. Себебі тек 10 сағат жазылады. Бір күнге істейтін жұмысымыз, мысалы, 14 сағат, 12 сағат. Арғы жағындағы 2 сағат, 4 сағат есепке алынбайды.

Ал кондукторлар бұған дейін штатта болмаған. Әрбір жүргізуші өзімен бірге көмекшісін ертіп жүрген. Енді кәсіпорында оларға арнайы штат ашылды. Алайда еңбек шарты жұмысшылардың көңілін көншітпей тұр. Жуырда автопаркке су жаңа 30 автобус сатып алынды. Қоғамдық көліктерге сандық жүйелер енгізілген. Жолаушылар жолақысын онлайн төлей алады. Кондукторлардың еңбекақысы дәл осы жүйенің нәтижесімен тікелей байланысты болмақ.

Айнұр Тасқалиқызы, кондуктор:

- Кеше біздер линиядан шығып кетіп, сход жасап едік. Онда уже айтып жатыр, «52 мың жалақы және мына транзакциядан бір билетке 3 теңгеден есептелінеді» деді. Ондай қазір билет шығара алмаймыз. Себебі қазір біріміздің артымыздан 4 минуттан жүріп жатырмыз. Бізді жан-жағымыздан қысып жатыр ғой. Қазір мына «Смарт қала» тексереді.

Ислам Сисенбаев, кондуктор:

- 800 билет, 2665 теңге, каждый транзакциядан 3 теңге, ол ойға келмейтін нәрсе. Мен өзім 13 жыл болды жұмыста жүргеніме. 13 жыл бойы мұндай системаны мен көрмедім. «Бастовать еткендерің үшін 30 мың теңге ұсталады» деді. 25-іне дейін істеген еңбегіміздің сонда 30 мың теңгесін жайдан жай бұларға бере салмаймыз біз.

Ал автопарк өкілі жүргізушілердің тұрақты жалақысы 200 мыңнан кем емесін алға тартып отыр. Оның үстіне жұмысшылардың өзіне кінә артты. Айтуынша, бұрын жүргізушілер мен кондукторлар күнделікті жоспарды қасақана жалған тапсырып келген. Сөйтіп, қолма-қол төленген қаражаттан заңсыз үлес алып келген деседі. Сандық жүйе енгізілгелі жолаушылар ағыны бұрынғы есептен гөрі едәуір көп екені анықталған.

Данияр Мұхтаров, автопарк бас директорының орынбасары:

- Біз бұрын әрбір автобус 600-700 жолаушы тасымалдайды деп есептеп келдік. Ал сандық жүйе әрбір автобусқа күн сайын кемінде 900 жолаушы мінетінін көрсетті. Жұмысшылар бұрын күнделікті жоспарды тапсырып, қалғанын қалтаға салатын. Енді жүргізушілер табыс көлеміне қарай емес, тұрақты жалақығы жұмыс істейді. Олардың еңбекақысы 15 күнге 225 мың теңге. Бұған қоса жүргізушілер мен кондукторларға транзакция жоспарынан артылған ақшадан үстеме ақы беріліп тұрады.

Қалада дәл осы бағытта күніне 28 автобус шықса, кеше біреуі де жүрмеді. Жұмысшылардың кейбірі өз еркімен қызметінен кетіп қалды. Қала әкімдігі бүгін қоғамдық көліктердің біразы желіге қайта оралғанын мәлімдеді.

Алмаз Ахошев, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Еңбеккерлер еш ескертпестен жұмысқа шықпай қалды. Кондукторлар сандық жүйені енгізуге қарсы болды. Олар осыған дейін оңай ақша тауып келді. Жұмыс режимін бұзған жұмысшылардың біразы қызметінен босатылды. Қазір автобустар жүріп жатыр. Біз онлайн төлемді қолданыстан алып тастай алмаймыз. Керісінше алдағы күзден қалмай барлық бағыттағы автобустарды осындай жүйемен қамтимыз.

Автопаркте қазір онсыз да жұмысшылар жетіспейді. Кемінде 10 шақты жүргізуші мен 20-ға жуық кондуктор таппай отырған кәсіпорын енді тіптен тығырыққа тірелді. Мәселе оңтайлы шешілмесе, қарапайым тұрғындар қиындыққа тап болуы мүмкін. 

Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы