423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Сарыағашта бес млрд теңгеге салынған көп қабатты үйлер қаңырап тұр

  • 166
  • UPD: 22:19, 25.08.2021

Сарыағашта 5 млрд теңгеге салынған 13 көп қабатты үй қаңырап бос тұр. Бұл үйлер 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынды. Алайда қалада кәріз жүйесі болмағандықтан пәтерлер пайдалануға берілмеген.

585 пәтерлі 13 үй төрт жылдан бері ешкімге берілмеді. Жаңа баспаналар тұрып, тұрып тозуға айналған. Ауласы да қаңырап бос тұр. Ал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары үйдің кем-кетігі болғандықтан қабылдамадық дейді. Оның үстіне кәріз жүйесі де тартылмапты.

Даубек Керімбаев, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Бізде қазір КНС дейді канализационный-насосный сооружение бітті, қаладағы ол барып төгілетін очищающее сооружение дейтін бар сол КОС іске қосылуы керек. Сол қосылғанан кейін сол кезде ғана беріледі.

- Оны салып қойды ма?

- Жоқ салынған жоқ. Жобасы екі жыл шығар.

Жаңа мөлтек ауданда 5 жыл бұрын 36 пәтерлік жалғыз үй пайдалануға берілген. Бірақ мүгедектер мен көп балалы аналарға және ардагерлерге үлестірілген баспана сапасыз салынған болып шықты. Екі ай бұрын сыртқы қаптауларын жел ұшырып әкеткен.

Гүлмира Оңалбаева, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Площадка жоқ. Балалар ойнай алмайды ана жерде. Осы жерде ойнайды цементте. Жол анау. Оны дұрыстап істемеген, астының бәрі сынып кеткен. Астының бәрі тікенек.

Бүгінде жаңа үйдің қабырғалары қақырап, іші көгеріп кеткен. Себебі пайдалануға берілген уақыттан бері жылуға қосылмаған. Ал жөндеу жұмыстары сол күйі жүргізілмеді, дейді ашынған халық.

Төлеген Жатаев, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

- Ешкім қолдамайды. Городтың әкімі қолдамайды, аудан әкімі қолдамайды, «Нұр Отан» қолдамайды. Ешкім қолдамайды. Біз керек емеспіз. Социальный болғаннан кейін біз адамның екінші сорты. Бітті сонымен.

Ал үйге тапсырыс беріп, қабылдап алған құрылыс бөлімінің басшысы бұл жолы да құрғақ уәдемен шектелді. Баспананы салған мердігердің кепілдік мерзімі бітпегендіктен тек хат жазудан басқа амалымыз жоқ дейді. Ал ауданда баспана кезегінде жылдап тұрғандардың саны 5 мыңға жуықтайды. Жауаптылар алдағы 2 жылдың көлемінде жаңа пәтерлердің қолданысқа берілуі екіталай деп отыр. 

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбек

Хабар 24 телеарнасы