Журналисті далаға шығарып тастаған күзетшінің әрекетіне әкімнің өзі жауап берді

Әкім не дейді? Аппарат басшысы не дейді? Кеше әкімнен сұхбат алуға келісіп, Алатау әкімдігіне кірген арнамыздың тілшісі Ақбөпе Тәңірбергенді далаға шығарып тастаған күзетшінің әрекетіне бүгін әкімнің өзі жауап берді. Азамат Қалдыбеков «мемлекеттік қызметкерлер де, ғимаратқа жауапты адамдар да тиісті жазасын алуға тиіс деп ойлаймын» дейді. 

Ал өзі «кеше алдын ала келісім бойынша сағат 17:30-да сұхбат беруі керек екенін білмей қалдым» деп ақталды. Сондай да болады екен. Ал сол сұхбатқа келіскен аппарат басшысы уақытты кіммен ақылдасты деген заңды сұрақ туындайды. 

«Хабар 24» арнасындағы «Әкім» бағдарламасының түсірілім тобы өңірлерге алдын ала хабар берместен барады. Сөйтіп, аудан, қала немесе елді мекендегі шынайы жағдайды көзбен көреді. Жұрттың жергілікті билікке деген сұрақ, шағымын жазып алып, соңында әкімнен жауап алады. Бағдарламаның ерекшелігі де осы. Не керек, кеше журналист пен таспагер кезекті түсіріліммен Алматы қаласы Алатау ауданының әкімдігіне барған. Аппарат басшысы әкімнің іште жоқ екенін алға тартып, журналистке сұхбат жазу үшін кешке келсін дейді.  

Ақбөпе Тәңірберген, журналист:

- Өзім тікелей хабарласып, әкіммен сөйлесе алмадым. Сондықтан аппарат басшысы арқылы хабарластым. 17:30-да келіңіз, сізге әкім сұхбат береді деді.

Дәлел міне.

- Барлық сұрақтарыңызды айттым.

Осы бір ауыз сөзге сүйеніп, біздің түсірілім тобымыз кешкісін әкімдікке қайта оралады. 

Ақбөпе Тәңірберген, журналист:

- 17:30-да әкімдікке қайта оралған кезде әкім жоқ екен, сізге аппарат басшысы шығып «әкім сұхбат бере алмайды, өкінішке орай, әкімдікте емес» деп жауап айтты. Онда халықтың сұрағы бар, онда орынбасарлардың бірі берсінші дедім. Аппарат басшысы ішке кіріп кетті де сол күйі шықпай қойды. Мен әкімдікке турникеттің астынан өтіп кіріп кетуге былайша айтқанда мәжбүр болдым. Ал әу баста әкімдік қызметкерлері мені әкімдікке кіргізуі ойда да болған жоқ. Сондықтан «Ашық» қосымшасын көрсетіңіз деп ешкім айтқан жоқ. 

Ал әкімнің бүгін берген жауабы мынадай: «Кеше өзім жұмыспен құрылыс алаңына кеткем. Кешкі бес жарымда сұхбат беру керек екенін білмедім». Сонда білдей аппарат басшысы неліктен «17:30-да әкім сұхбат береді» деді екен? Ол үшін кімнен рұқсат алған? Ал бұл жәйттен Азамат Қалдыбековтің бейхабар болып шыққаны қалай?

Әкім - Ақбөпе:

- Кешегі оқиғаны қайдан естіңіз?

- Мен аппарат басшысынан естідім.

- Қай уақытта айтты ол кісі?

- Осы оқиға өтіп кеткеннен кейін. Сағат 8-дерде әкімдікке келдім сол кезде айтты.

- Бірақ оған дейін хабарласқан жоқ журналистер күтіп тұр деп?

- Иә. Сізге хабарластым 17:30-да интервью бересіз деп айтып қойып едім деп те айтқан жоқ па?

- Жоқ.

Аппарат басшысы уақытты 17:30 деп белгілейді. Әкім білмедім дейді. Қарама-қайшылық па? Бүгін сұхбат берген Азамат Қалдыбеков кешірім сұрағандай болды.

Азамат Қалдыбеков, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі:

- Елдің көзінше де, бұқаралық құралдардың көзінше де айттым. Бұқаралық құралдарды қайтесіз, мен ғой жапа шеккен. Мен алдыңызда отырмын ғой. Сізге де айттым, Ақбөпе ханым осындай оқиға болғаны өкінішті мен сізден осындай әкім ретінде, аудан әкімінің аппараты ретінде кешірім сұраймын деп айттым.

Ал күзетішінің әрекетін аудан әкімі ақтамайтынын айтты. Қазір тексеріс жүргізіліп жатыр. 

Азамат Қалдыбеков, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі:

- Мен ақтамаймын. Күзетшінің мұндай әрекетін мен ақтамаймын. Бірақ бұл жерде тек күзетші емес, мемлекеттік қызметкер де, ғимаратқа жауапты адамдар да өзінің тиісті жазалануы тиіс деп ойлаймын. Бірақ мұның бәрі комиссияның қорытындысы аясында берілсін. Қызметтік тексеру жүріп жатыр ғой. Оның қорытындысын асыра сілтеп, мен айтқым келіп тұрған жоқ. Осыған жауапты адамдар өзінің тиісті жазасын алады деп ойлаймын.

Қазір пікір екі түрлі. Бірі журналисті жақтап жатыр. Басқасы әкімдікті ақтап жатыр. Ал заңгер бұл жағдайға өз бағасын берді.

Төлеген Болтанов, заңгер:

- Мемлекеттік органның қылмыстық кодекстің талаптарын бұзғанын әрі журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасағанын көруге болады. Бұл үшін қылмыстық жауапкершілік бар.

Тексеріс жүргізіп жатқан комиссия құрамына уәкілетті орган өкілдері кірген. Ал кеше журналистті көтеріп далаға шығарып тастаған азамат жеке күзет агенттігінің адамы. Әкім ғимарат ішіне кеше түсірілім тобының «Ашықсыз» кіргенін тағы алға тартты. Ал мына таспадан әкімдікке «Ашық» түгілі бетпердесіз кірген адамды көруге болады. Бұл қалай болғаны сонда?

Қорған Қонысбайұлы