Батыс Алтай мемлекеттік қорығында бірнеше жылдан бері электр жарығы жоқ

Батыс Алтай мемлекеттік қорығындағы жұмысшылар жарықсыз отыр. Ас пісіру үшін от жағып, қараңғы түссе майшам пайдаланады. Электр қуатын мұнда жеткізу жұмыстары 2017 жылы басталған. Бірақ әлі жеткен жоқ. 

Өрт сөндіру станциясының бастығы Әлібек Қосаев кестеге сай әріптестерімен бірге қорықты аралауға кірісті. Мемлекеттің қорғауындағы аумаққа бөгде адамның кіруіне рұқсат жоқ. Бірақ басты міндет тілсіз жаудың алдын алу. Өрт тұтануы мүмкін деген жерлерді шарлап, күніне 20 шақырымға дейін жол жүреді. 

Әлібек Қосаев, қорықтың өрт сөндіру станциясының бастығы: 

- Сол бір он, кейде жиырма шақырымға дейін жол жүріп, шаршап келгенде үйге кеп тынығып, ыстық шәйларын ішкілері келеді әрқайсы. Бірақ бізде ешқандай электр қуаты болмағандықтан пешті жылытып, от жағуға талай уақыт кетеді. 

Өркениеттің жетістігінен тек күн сәулесінен қуат алатын батареялар ғана бар. Оның өзін көздің қарашығындай сақтап отыр. 

- Солнечную батарею мы используем для радиосвязи.

Сырт әлеммен байланысатын жалғыз мүмкіндік осы. Оның маңызын айтпаса да түсінікті. Ал электр жарығы бұл мәселені едәуір жеңілдетер еді.

Людмила Винокурова, Батыс Алтай қорығы директорының м.а.:

- Тілсіз жаудан келер залалдың қандай болатындығы баршаға аян. Сондықтан біз үшін бірінші кезекте байланыс қажет. Ақпаратты дер кезінде жеткізсек, жылдам әрекет етуге мүмкіндік болады. Бізге де көмектің уақылыты келетіндігіне сенімді жүреміз. Ал радиобайланыс ауа райына өте тәуелді. Кез-кезде жұмыс істемей де қалады.

Риддерден Ресейдің шекарасына дейін электр желісін тарту 2017 жылы басталған болатын. Бюджеттен 400 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Алайда бір жарым жылдан кейін жоба тұралап қалған. Бастапқыда мердігердің салғырттығы кедергі болса, артынша қажетті құжаттарды рәсімдеудің сәті түспеген.

- В конце 18-го начале 19-го года работы, практически, стояли. Тогда уже были начаты первые согласования с Лесфондом.

Бұған дейін де өңірдегі бірнеше нысан құрылысына қағазбастылық кедергі болған. Бір министрлікке тиесілі жер телімдерін екіншісіне рәсімдеудің өзі қолбайлау боп қалады. Ал Риддерде тіпті жаңа әдіске көшуді жөн көріпті.

Нұрсұлтан Көккөзов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:

- Талас ұзақ уақытқа созылып кетті. Бірақ рұқсат алуға реті келмеді. Сондықтан электр желісін Риддерден РФ шекарасына дейінгі республикалық маңызы бар жолдың бойына салу жөнінде «Қазавтожол» АҚ хат жолдадық. 

Қажетті құжаттар реттеліп, құрылыс мердігері де анықталған. Бюджеттен 233 миллион теңге қаражат бөлінді. Алайда ендігі мәселе бұл сома жеткілікті ме? Жоба тұралап қалғалы құрылыс материалдары да бірнеше есе қымбаттаған. Не десек те, қорықшылар мен демалыс орындарының иелері жыл соңына дейін электр желісіне қосылуға үмітті.

Мансұр Есқожин, Анель Есенбердина, Жигер Бабаканов