425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Туберкулезге қатысты эпидемиологиялық ахуал туындады

  • 128
  • UPD: 10:22, 26.08.2021

Бүкіләлемдік пандемия басталған бір жарым жылда, кейбір қауіпті аурулар екінші кезекке ысырылды. Соның бірі – туберкулез.

Павлодар облысында ауруға шалдығу көрсеткіші 7,2 процентке өскен. Бұл соңғы жеті айдағы мәлімет. Карантинге байланысты өткен жылы туберкулезге тексеру жұмыстары мүлде жүргізілмепті. Осының салдарынан ауруды ерте бастан анықтауға мүмкіндік болмаған. Ал туберкулезді емдеуде ешқандай мәселе жоқ көрінеді. Дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Диагностика заманауи құрыл-ғылардың көмегімен екі сағат ішінде жасалады.

Соңғы екі жылда басты назар коронавирусқа ауғаны рас. Тез жұғатын қауіпті ауруға байланысты сақтық шаралары күшейтіліп, емханаларға баруға шектеу қойылды. Бірақ бұл туберкулез көрсеткішінің өсуіне әсер еткен. Павлодар облысында туберкулезге қатысты эпидемиологиялық тұрақсыз ахуал қалыптасқан.

Лариса Саверская, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі:

–Былтыр бізде туберкулезді анықтау жағы өте төмен болды. Өйткені барлық күш тек коронавируспен күреске  жұмсалды. Өкінішке қарай, туберкулез ұмыт қалды. Ағымдағы жылы аурудың 7 процентке өскені соның нәтижесі. Қазір аурудың асқынған түрлері тіркеліп жатыр. Бізді жұқпалы індеттің балалар арасында тіркелуі қатты алаңдатады.

Төлеген Жақатаевтың диспансерге түскеніне үш айдан асыпты. Алдымен анасы ауырыпты. Көп ұзамай оның да денсаулығы сыр берген.

Төлеген Жақатаев, науқас:

–Менің отбасымда бірінші анам ауырды. Бір үйде тұрғаннан кейін мен де тексеруден өттім. Басында ешқандай белгі болмады. Көктемде суық тиіп қатты ауырдым. Содан болар білмеймін.

Төлеген Жақатаевтың денсаулығы қазір  жақсарып келеді. Ауруды ерте бастан емдеудің тиімділігі зор дейді мамандар. Эпидемиологтар ковидтік сүзгілер арқылы туберкулезді де табуға болатынын айтады. Емханалармен осы бағытта жұмысты күшейтпек. Ал ауруды емдеуге туберкулез диспансерінде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. 

Лариса Саверская, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі:

–Туберкулезге қарсы қолданылатын препараттар жеткілікті. Біздің диспансерде заманауи зерттеу құрылғыларының кең түрі бар. Біз джин эксперт құрылғысы арқылы молекулярлық –генетикалық тәсілмен туберкулезді екі сағатта анықтай аламыз. Емдеу көрсеткіші өте жоғары. Егер туберкулезбен науқас алғаш рет ауырған болса, емдеу тиімділігі 93 процентті құрайды.

Бір жылғы үзілістен кейін облыстық туберкулезге қарсы күрес орталығы жылжымалы флюрокешендермен аудандарға шыға бастады. Шалғайдағы елдімекен тұрғындары рентгенге түсіріледі.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Жеңіс Темірболат

 

Хабар 24 телеарнасы