Таразда алғаш рет жүрекке инновациялық операция жасалды 

Таразда алғаш рет жүрек ырғағының күрделі ақауына криоблация жасалды.

Жаңа тәсілдің артықшылығы операция кезінде қауіп-қатер төмендеп, уақыт үнемделеді. Науқас тез арада, оңалып кетеді. Тың әдіс облыс орталығындағы «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасының базасында жасалды.

Михаил Даламаевтың жүрек қағысы бұзылған. Оның бұл дертке шалдыққанына 10 жылдай болыпты. Қимылсыз отырғанның өзінде жүрегі тарсылдап, минутына 170 рет соғатын. Оған мамандар екі күн бұрын криоблация әдісін қолданып жүрек ырғағын қалыпқа келтіріп берді.

Михаил Даламаев, Тараз қаласының тұрғыны:

–Жүрегім ерекше жылдам соғатын. Қан ұйып қалу қаупі болды. Мамандармен кеңесіп операцияға келісім бердім. Бүгін операциядан кейін бірінші күн. Дәрігерлерге мың алғыс. Жағдайым тұрақты. Өзім жүріп-тұра аламын.

Операция «Жүрек» заманауи кардиохирургиялық клиникасының базасында жасалды. Оған Грузия, Түркия, Ресейден дәрігерлер арнайы келіп қатысты. Ерекшелігі операция небәрі 45 минутта бітеді. Ал науқас тез сауығады.

Роин Реквава, «Silkroad» аритмологтар қоғамының президенті:

–Жалпақ тілмен айтсақ, криоблация бұл жүрек қағысында ақау туғызып тұрған жерді мұздату арқылы жою. Яғни аритмияны азотпен емдейміз. Науқастың жүрегіндегі ақау туғызып тұрған орын минус 65 градусқа дейін мұздатылып ауру ошағы жойылады. Соның арқасында синусты ритм қалыпқа келеді.

Елімізде жыл сайын дәл осындай диагнозға шалдыққан 600-ге жуық адамға операция жасалады. Ал Жамбыл өңірінде бұл 25 мыңдай адамнан анықталатын көрінеді. Бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана жасалып келсе, енді бұл тәсілді Тараздағы Жүрек клинкасының мамандары меңгеріп отыр.

Тимур Әшіров, «Жүрек» кардиохирургиялық клиникасының бөлім меңгерушісі:

–Алдағы уақытта бұл операция мамандандырылған «Аритмологиялық клиника» медициналық орталығында жасалатын болады. Қазір базасы жасақталып жатыр. Жоба жүзеге асса жылына 400 адамға дейін қабылдай аламыз.

Жүрек клиникасы 2013 жылден бері бұл дертті емдеуге ден қойып зерттеу жүргізіп келеді. Америкадан соңғы үлгідегі медициналық құралдарды алғызып, дәрігерлердің біліктілігі жетілдірілген. Қазір мұнда жүрек ырғағында ақауы бар науқастарды емдеуге толық мүмкіндік бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Сондай-ақ...