Елордада шетелдік БАҚ өкілдері марапатталды

Елордада «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» атты халықаралық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осымен алтыншы мәрте ұйымдастырылған шараға әлемнің 40-тан астам елінен 60 журналист қатысты. Шетелдік БАҚ өкілдері әр түрлі тақырыптарды қаузаған. Әсіресе, сараптамалық материалдар саны көп. Елдің тарихы мен мәдениеті де көбірек қамтылған. Байқауда өзінің мазмұнды еңбектерімен көзге түскен Канада, Литва, Пәкістан, Моңғолия және Словакия журналистері жеңімпаз атанды. Жүлдегерлер танымдық тур шеңберінде Қазақстан қалаларын аралап көруге мүмкіндік алады.

Айта кетейік, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған бұл байқауды ұйымдастыруға Сыртқы істер министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» ұйытқы болған.

Бибігүл Жексенбай, «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті:

– Биылғы жұмыстардың басты ерекшелігі – сарапталмалық материалдардың көп болғандығы сараптамалық материалдармен қатар руханиятқа байланысты Ұлы Абайдың еңбектеріне байланысты еңбектердің шыққандығы, әлемнің әр түкпіріндегі әріптестеріміз сол тақырыпқа ден қоя бастағаны қуантты.

Тони Рупрехт, «Қазақстан шетелдік БАҚ көзімен» байқауының жеңімпазы (Канада):

– Біз мұнда Қазақстанның жетістіктерін өз көзімізбен көру үшін келдік. Барлығы ол туралы айтқанмен үкіметтің осы жолда қалай тер төгіп, қандай қиын асулардан асқаны назардан тыс қалып жатады. Біз осы тұстарды да білгіміз келеді. Мақсатымыз – елдің бай тәжірибесін зерттеп, канадалықтарды осында сапарлауға шақыру.