Қостанай облысындағы Қоскөл ауылында мал жаятын жер жоқ

Қостанай облысындағы Қоскөл ауылының тұрғындары жайылымдық жерлерді сақтап қалуға бар күшін салып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал жергілікті фермерлер екі жылдан бері тың жерді жыртып тастауға ниетті. Халықтың айтуынша, кәсіпкер Сарыкөл ауданындағы аумақты заңсыз иемденген. Ал аудандық әкімдік бұл ақпаратты теріске шығарды. Фермер жерді әділ жолмен алды дегенді алға тартады шенеуніктер.

Тимур Өмірзақов мал шаруашылығына бұрыннан ден қойған. Қорасында 40 жылқы мен 12 ірі қара бар. Биыл жеңілдетілген несиемен Қамбар атаның 7 басын сатып алған. Мемлекеттік бағдарламаға аудан әкімдігінің ықпалымен қатысыпты. Олар малың болса, өріске айдайтын жер береміз деп сендірген.

Тимур Өмірзақов, Қоскөл ауылының тұрғыны:

– Несиемен жылқы алсаң, жер береміз деп уәде берді. Айтқандарын орындадым. Алайда маған бір гектар болсын жер бөлмеді. Бос жер жоқ деп ақталды.

Жалғыз Тимур емес, өзге де тұрғындар жайылымдық жерсіз қалды. Айналаның бәрі егіс алқаптары болғандықтан өрістегі төрт түлік алысқа бара алмайды. Қомақты айыппұлмен жазаланасың. Сондықтан барлығы малын ауладан ары жібермей отыр.     

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

– Қазір қоскөлдіктердің иелігінде 700 гектардай жайылымдық жекр бар. Егер бір жылқыға алты гектардан, ірі қараға бес және ұсақ малға бір гектардан есептелетін болса, тапшылық әлі 170 гектардан асып түседі. Демек малдың жайбарақт жайылудың орнына әлі де қора да ұзаққа дейін қамалатыны анық.  

Қоскөл маңындағы егіс алқаптарын кеңейту жоспары екі жыл бұрын әзірленді. Бірақ диқандардың бұл бастамасы ауыл халқынан қолдау таппады. Олар барынша кедергі жасап та көрген. Алқаптағы техниканы тоқтатып, кәсіпкермен сан мәрте дауласты. Сонда да қос тарап ортақ мәмілеге келе алмаған. Бұл мәселеден прокурорлар мен жер қатынастарының мамандары да хабардар. Құзырлы орган өкілдері осы келіспеушілікті бұқаралық ақпарат құралдарынан жасырмақ та болған. 

Игілік Мұңдақов, Ленинский ауылының тұрғыны:

– Қалай өлшегендері түсініксіз. Әр қора, бақшадан бастап есепке алған шығар. Қалай дегенмен бізге қарасты жердің көлемі 600 гектарға жетпейді. Мал жаятын жер жоқ. Мына жақта шөп түгелімен қурап қалған.

Жайылымдағы төрт түлік су ішетін жалғыз тоған осы. Егер осыған баратын жолды өте алмастай етіп қазып тастаса, онда Қоскөл мен Ленинский ауылы тұрғындарының жағдайы тіптен қиындай түседі.   

Игілік Мұңдақов, Ленинский ауылының тұрғыны:

– Жыртылған жер мен тоғанның арақашықтығы – бар жоғы 100 метр. Жылқыларды осында қуып суара алмаймыз. Жауыздық қой былай қарасаң. 

Дауға түскен жердің көлемі 419 гектарға тең. Фермердің жерге заң жүзінде иелік еткенін аудандық әкімдік те растап отыр.

Нұрлан Батрашев, Сарыкөл ауданы жер қатынастары бөлімінің басшысы:

– 419 гектар – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Ол конкурс арқылы сатылды. Негізінен ол елді мекен аумағына жатпайды. Сол себепті конкурсқа қоюға мәжбүр болдық.

Тұрғындар мен диқандар ортақ мәмілеге келу үшін жергілікті билік тарапынан арнайы келісім жасалмақ. Оның негізінде 300 гектардай жер ауылдың қарамағына өтеді. Ал кәсіпкер басқа жер телімі сатылатын конкурсқа қатысады деп шешілді.

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Сондай-ақ...