Үйіміз шөгіп, қабырғалары шытынап тұр – Алматыдағы төрт қабатты үйдің тұрғындары

Алматының орталығындағы Сәтбаев көшесіндегі нөмірі 29-шы көпқабатты үйдің тұрғындары осылай деп алаңдап отыр. Себебі жауын жауса болды, үйдің астына су өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төрт қабатты бұл үй 1963 жылы салынған. Жыл өткен сайын іргетасы бұзылып, жер-жерден тесіліп жатыр. Сондықтан жауын мен қар суы үйдің астына ағады. Тұрғындар бұл мәселені өздерінің пәтер иелері кооперативі басшысына талай мәрте айтқан. Алайда жөндеу жұмыстары екі күн бұрын ғана басталыпты. Оның өзі құрылыс технологиясына сай  емес дейді.

Борис Константинов, қала тұрғыны:

– Іргетасты нығайту жұмыстары талапқа сай жасалмаса ешқандай нәтиже болмайды. Біз оны ескерттік. Бетон мықты болу керек. Алайда кооператив басшылығына бәрібір сияқты. Олар жұмыс сапалы болғанын емес, жұмсалатын материалдың бағасын арттыруды ғана көздейтін сияқты. Бұл жерде құрылыс технологиясы өрескел бұзылып отыр.

Үйдің кіреберіс дәлізі де әбден жұпыны. Едені ескірген, қабырғадан сыр кеткен. Тұрғындар жыл сайын өз ақшаларына жөндеу жұмыстарын жасайтындықтарын айтады. Күзгі жауын-шашын басталмай, үйдің іргетасын сапалы материалмен бекітіп берсе деген тілекте. Жергілікті пәтер иелері кооперативі мамандары болса айтылған арыз-шағымдардың барлығын ескереміз деп отыр.

Әсет Қосылбеков, ПИК инженері:

– Бүгін ертең жасайды. Ол кісілер тоқтатып тастады, технология бойынша сіздердікі сәйкес келмейді деп. Материал, цемент алынды. Енді сапалы жасаймыз.

Қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының мәліметінше жыл басынан бері Алматыда өз жұмысына салғырт қараған 30-ға жуық кооперативке әкімшілік хаттама толтырылыпты. Оларға мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған.

Жандос Қайырханов, тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:

– Тексеріс кезінде КСК бізге құжаттарын бермейді. Сол кезде 100 МРП айыппұл салынады. Бұдан бөлек, ескерту ретінде айыппұл саламыз. Бұл ай сайынғы немесе тоқсан сайынғы есеп берілмеген жағдайда. Және тағы бір түрі айыппұлымыз бұл шоттардың ашылмағаны.

Жалпы Алматыда 900-ге жуық пәтер иелері кооперативі бар. Алайда солардың жұмысына қатысты сын көп. Әкімдіктегілердің айтуынша, қалада 8,5 мыңнан астам көпқабатты үй бар. Солардың тең жартысына күрделі жөндеу қажет.

Алмас Садуақас, Әбен Нарымбаев

Сондай-ақ...