Қазалыда 200-ден астам той тоқтатылды

Қазалыда той көп. Мейрамхана иелері адамның денсаулығын емес, қалтасына ақша түскенін қалайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әйтпесе, жұрт жиылған жерде жұқпалы аурудың тез тарайтыны балаға да аян. Қызылорда облысының бұл ауданында қоғамдық көліктер де ертеден қара кешке дейін жолаушыларды лық толтырып тасиды.

Мейрамхана қызметкері той болған жоқ деп жалтарды. Алайда...

Тойханадағылардың құйтырқы әрекеті мұнымен бітпепті. Тамақты аяқасты еткенмен қоймай, той тойлағандарды бір бөлмеге тығыпты. Осылайша айыппұлдан оңай құтылмақ болған.

Жалғас Сүйеубаев, мониторингтік топтың жетекшісі:

– Өзіміздің қастерлейтін нанымызды үстелдің астына тығу, өскелең ұрпақ дәл сондай нәрсені көріп отырғанда біз оларға қандай тәрбие береміз деп есептеймін.

Жыл басынан бері Қазалыда 200-ден астам той тарқатылған. Тіпті 1 күнде 12 көпшілік жиынды анықтаған деректер де болған. Карантин талабын бұзған кәсіпкерлерге 9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған. Соған қарамастан ауа жетпей аурухана түсіп жатқандар азаяр емес.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Аудан бойынша 100 инфекциялық төсек орын дайындалған. Бүгінде онда 43 адам ем қабылдап жатыр. Оның 6-ы жансақтау бөлімінде. Жағдайлары өте ауыр. Жалпы мамандар шілде, тамыз айларында індеттің қатты өршігенін айтып отыр.

Раушан Қалуова, Қазалы ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

– 411 аудан тұрғыны коронавирустық инфекциямен тіркелген. Оның ішінде 270 науқас инфекциялық стационар бөлімінде емделіп шықты. Ауруханаға ауыр халде түсіп жатқан науқастардың көбісі екпе жасамағаннан.

Карантин талаптары қоғамдық көлік ішінде де орындалмайды. Аудан орталығында шағын автобустар жолаушыларды лық толтырып тасып жүр.

БЛИЦ:

- 2-3 сағат күтіп тұрмыз ғой. Бұл кісілердің жазығы жоқ, көп мінгізбей не істейді, біз оларға өзіміз мініп алып жатырмыз.

- Жүріп жатыр автобус. Бірақ ұзап кетеді арасы. Сосын халық жиналып қалады. Жиналып отырмыз ғой күтіп.

Карантинге дейін ауданда 8 бағыт бойынша 120 шағын автобус жолаушы тасымалдаған екен. Бүгінде сол көліктердің 50-і ғана қалған. Көбісі пайда жоқ деп басқа кәсіпке кетіпті. Бұл мәселе қалай шешіледі. Жауапты мамандардан сұрадық.

Нұрман Ердалиев, Қазалы аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

– Қазіргі таңда кентішілік маршруттар 8 бағытта жүріп жатса, біз оны 6 бағытқа дейін қысқарту жұмыстарын істеп жатырмыз. Себебі интервал алшақтап кетіп тұр.

Індет ауыздықталмай, карантиндік шектеулер де алынбайтыны анық. Бірқатар салаларға да теріс әсері бар. Оны жеңілдету үшін – қауіпті кеселді жеңу керек. Ал коронавирусты жеңудің бірден бір жолы – екпе қабылдау дейді дәрігерлер.

Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев