Степногорск қаласында бірнеше мектеп пен балабақша жөндеуден өтті

Ақмола облысындағы Степногорск қаласында жаңа оқу жылының қарсаңында бірден бірнеше мектеп, балабақша мен спорттық нысан жөнделді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді балалар жаңа әрі жайлы жерде білім алады.

Бұл – Степногорсктың аумағына кіретін Ақсу елді мекеніндегі жалпы білім беретін нөмірі бірінші мектеп. Білім ордасын жөндеу үшін республикалық бюджеттен 142 млн теңге бөлінген. Алты айдың ішінде мектеп жөнделді. Төбесі, едені, есік, терезесі толықтай жаңартылған. Мектеп ішінде шағын орталық та бар. Білім ордасындағы бөбекжайда 30 бүлдіршін білім алады.

Саят Мұқанов, Ақсу елді мекеніндегі жалпы білім беретін №1 мектептің директоры:

– Жөндеуге дейін осы шағын орталық салқындау болатын. Енді терезелері ауыстырылып, жылы еден орналастырған. Сондықтан қазір өте жылы. Балаларға жақсы жағдай жасалған. 

Спорттық нысандар да жаңа кейіпке енді. Тек жөнделіп қойған жоқ. Мәселен, балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебіне жаттығуға арналған заманауи жабдықтар қойылды. Бассейні де жаңартылды.

Флорид Шаракаев, «Батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

– Бір кезде бірден 15 бала жаттыға алады. Одан көп қабылдамаймыз. Техника қауіпсіздігі бойынша 15 топ болуы тиіс. Мектепке келетіндердің қатары тым көп. Кейде балаларды қабылдап үлгере алмаймыз.

Ал мынадай балабақшаны көрдіңіз бе? Әдемілігі өз алдына, балаларға барлық жағдай жасалған. Бүлдіршіндер массаж да қабылдайды.

Бұл балабақшадағы 245 бүлдіршіннің 45-і ерекше күтімді қажет етеді. Сондықтан мұнда инклюзивті білімге де барынша басымдық беріледі. Ол үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалған.

Қорған Қонысбайұлы, Ержан Қанапияұлы