Жамбыл облысында жедел штаб жұмыс істеп жатыр

Жамбыл облысындағы апаттың салдарын жою жөнінде жедел штаб жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің твиттердегі парақшасында жазды. Аймаққа қорғаныс, төтенше жағдайлар министрі және ішкі істер министрінің орынбасары барды. Жарылысқа жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын көшіру туралы шешім қабылданды. Облыстық ТЖ департаменті мен әскерилер ішінде жарақат алғандар бар. Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қорғаныс, төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылды. Теміржол байланысы уақытша тоқтатылды. Сондай-ақ Президент өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлім етті. Құтқарушылар, әскери қызметшілер, дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адам белсенді жұмыс жасауда. Өкінішке қарай зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек деп жазды Президент.