423,95 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жамбыл облысындағы жарылыс болған жер әлі өртеніп жатыр. LIVE

  • 240
  • UPD: 09:51, 27.08.2021

Жамбыл облысында әскери бөлімнің инженерлік оқдәрі қоймасында жарылыстар тоқтады. Дегенмен, әлі де оқиға орнында өрт болып жатыр. Мамандар түні бойы жұмыс істеп шықты. Біздің тілшілер де жағдайды бақылауда ұстау мақсатында жарылыс болған жердің маңайында жұмыс істеп жатыр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жарылыс болғалы шамамен 12 сағаттай уақыт өтті блокпост әлі де алынған жоқ. Кеше бірнеше ауыл халқы қауіпсіз жерге шығарылып арнайы дайындалған орындарға жайғастырылған болатын. Өзге жұрт дүмпу басталысымен өз бетінше үй-жайын тастай қашқан. Салдарынан қаланың кіреберісінде кептеліс қалыптасқаны белгілі. Әрі-бері қатынап жүйткіген жедел жәрдем,  полиция, төтенше жағдайларға арналған көліктерде есеп жоқ. Арнайы танкке ұқсас бірнеше әскери техника да оқиға орнына қарай бет алды. Жарылыс тоқтағандай болғанымен түнгі сағат 2-лер шамасында тағы бір жойқын дүмпу болып енді тынышталып ұйқыға кете бастаған тұрғындардың зәресін алды. Дегенмен, түнгі сағат 03:30 шамасында адам лық толы 10 шақты автобус қайта Байзақ ауданына қарай өтті. Ішінде балалар да бар. Соған қарағанда эвакуацияланған адамдардың бір бөлігі үйлеріне қайтарылған болуы мүмкін. Бірақ бұған қатысты жергілікті билік те, әскерилер де тіс жармай отыр. Оқиғаның нақты неден болғаны да беймәлім. Дәл қазір әкімдік тарапынан «Хабар 24» телеарнасының таңғы жаңалықтарына сұхбат берілуі тиіс болған. Дегенмен, ешкім тікелей эфирде сұхбат беруге келмеді. Ресми ақпарат сағат 9:00-де ұйымдастырылатын арнайы брифингте жарияланбақ. 

Айта кету керек, жарылыс кезінде 66 адам түрлі дене жарақатын алып ауруханаға жеткізілді.  Қайтыс болғандар туралы ақпарат жоқ.

Хабар 24 телеарнасы