425,02 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қостанай облысы Ряжск ауылындағы медпунктте халықты қарайтын дәрігер жоқ

  • 102
  • UPD: 11:10, 27.08.2021

Қостанай облысы Ряжск ауылының тұрғындары билік уәдесінде тұрмады деп ашынуда. Олар әлі күнге дейін алғашқы медициналық көмексіз отыр. Алдын ала келісілгендей, жергілікті фельдшерлі-акушерлік пунктке дәрігер осы жазда келуі керек еді. Бірақ емдеу мекемесінде екі жыл бойы ешкімге ем-дом жасалмай келеді.

Ряжск ауылының тұрғындары үшін аурудан асқан азап жоқ. Себебі бас ауырып, балтыр сыздаса олар аудан орталығына сабылуға мәжбүр. Ал Ұзынкөл 17 шақырым қашықта. Бірақ жолы апатты жағдайда. Ол жаққа қоғамдық көлік қатынамайды. Ал таксишілер кемінде 3 мың теңге сұрайды.

Андрей Гимлерейх, Ряжск ауылының тұрғыны:

- Бізге осында тұрақты отыратын дәрігер қажет. Соңғы болған фельдшер зейнет жасқа келіп екі жыл бұрын жұмыстан шығып кетті. Бұның алдында өзіміздің жедел жәрдем көлігіміз болған. Одан да айырылып қалдық.

Дәрігердің жоқтығынан Инна Мезгова тоғыз айлық сәбиіне уақытылы екпе салдыра алмай әлек. Аудандық ауруханадан арнайы жіберілетін медбикелер біресе бар, біресе жоқ.

Инна Мезгова, Ряжск ауылының тұрғыны:

- Былтыр қараша айында дүниеге сәби әкелдім. Сол уақыттан бері ауылдағы жаңа туған нәрестелер дәрігер қарауынан өткен жоқ. Алғашқы екпені төрт ай толғанда ғана салдырттық. Қысқасы, бізбен ешкім санаспайды. Науқас жандарға ешкім қарамайды.

Қазір фельдшерлі-акушерлік пункт ғимараты тек коронавирусқа қарсы егілетіндер үшін ашық. Вакциналауды көрші ауылдан арнайы келетін медбике жүргізеді.

Асылхан Әлімбаев, Ряжск ауылдық округінің әкімі:

- Аптасына екі рет осында Речной деген ауыл бар біздің қарамағымызда. Сол жақтан мен дәрігерді алып келемін жеті сайын. Осы жерде қабылдайды кісілерді.

Ауыл тізгінін бір ай бұрын ұстаған әкім қол қусырып отырған жоқ. Маман іздеп көрші ауданға да барыпты. Жақын арада әкімдік мен емдеу мекемесін ортақ ғимарат етіп, елді мекендегі медициналық көмектің сапасын қатаң бақылауға алмақ. Бірақ дәрігердің тез арада табылатынына кепіл жоқ.

Әміржан Бақытжанов, Ұзынкөл аудандық ауруханасының бас дәрігері:

- 70-80 процент совхоздардың бәрінде зейнеткерлер отыр бізде. Олардың орнын басатын жастар жоқ және келгісі келмейді қаншама бос орындар жәрмеңкесіне барғанда. Бас тартады. Өзімізден 300 мың теңге көтерме ақы, үй береміз деп жатырмыз әкімдікпен бірге қосылып. Соның өзінде жастар қалада қалғысы келеді.

Кадр мәселесі шешілмейінше тұрғындарға емді аудан орталығында қабылдаудан басқа амал жоқ. Ряжсктен бөлек тағы Ершов ауылындағы фельдшерлік пункт те дәрігерсіз отыр.

Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы