Жарылыстан зардап шеккендердің туыстары жақындарының тағдырынан бейхабар

Ал жарылыс кезінде зардап шеккен әскерилер мен өрт сөндірушілердің туыстары түнімен Тараз қалалық №1 ауруханасының алдын күзетіп шықты. Олардың көбі жараланғандардың жағдайының қандай екенінен бейхабар. Тіпті осы ауруханаға түскен, түспегенін де білмейді. Барлығының көңілі алаң. Күзетшілер мен полицейлер ешкімді ішке кіргізбейді.

Зардап шеккендер туралы ақпарат бар ма және олардың жағдайы қалай?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Біз түнімен жарылыстан зардап шеккендерді жайғастырған Тараз қалалық номері 1 ауруханасының алдында болдық. Алайда дәрігерлерден зардап шеккендер туралы нақты ақпарат ала алмадық. Ішке ешкімді аттап бастырмайды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі де телефондарын көтермейді. Кеше түнде әкімдік таратқан ресми мәлімет бойынша қалалық аурухана мен Байзақ аудандық орталық ауруханасына 66 науқас жеткізілген. Олардың көпшілігі жеңіл жарақат алса екеуінің жағдайы ауыр. Ал аурухана сыртында осында жедел жәрдеммен жеткізілген науқастардың тізімі жарияланыпты. Онда 78 адамның аты-жөні ілінген. Көбі әскерилер мен өрт сөндірушілер.

Мұнда туыстарын іздеген халықтың қарасы қалың. Жедел жәрдем көліктері де түнімен тыным таппай жараланғандарды тасумен болды. Бірі баласын іздеп шарқ ұрса, енді бірі күйеуін таппай зар илеуде. Біз солардың бір-екеуімен тілдесіп, мән-жайды білдік. 

Облыс орталығында апат болған аумақтан эвакуацияланған тұрғындарға арналып, 400-ден астам төсек-орын дайындалған. Қосымша 1000-ға жуық орын дайындау мүмкіндігі қарастырылған. 

Оның ішінде Тараз қаласында 221 адам арнайы жасақталған жатын орындармен қамтамасыз етілген.

Ал Жуалы ауданы Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда дайындалған төсек-орынға 18 адам орналастырылған. Тың ақпарат болса  алдағы шығарылымда хабарлайтын боламын.