Жарылыс кезінде жоғалғандар үздіксіз іздестірілуде

Қазір Тараз қалалық №1-ші көпбейінді ауруханасында 28 науқас жатыр. Бұл туралы журналистерге арналған баспасөз мәслихатында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Кеше әскери қоймада болған жарылыстан кейін шаһардағы ауруханаларға 88 адам түсті. Оның 49-ы – Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері. Зардап шеккен науқастардың барлығына қалалық және Байзақ аудандық орталық ауруханасында тиісті медициналық көмек көрсетілді. Жеңіл жарақат алған 60-қа жуық адам үйіне қайтарылды. Қазіргі таңда Тараз қалалық ауруханасында 28 адам ем қабылдап жатыр. Бүгін еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин және аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев ауруханаға барып, науқастардың жағдайымен танысты.

Жүрек қағысы барлығы тұрақты. Анализдері жаман емес. Томаграфиясын, узи түскен кезде толық тексеруден өтті. КТ жасалды. Өкпесіне дренаж қойылды. Қысымы тұрақты. Уақыт керек бұл кісіге, жағдайы тұрақты. Дәрігерлердің айтуынша олардың бесеуінің жағдайы орташа ауыр. Бірақ, өмірлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

Кеше апат болған аумаққа жақын орналасқан үш елді мекеннен 700-ден астам тұрғын көшірілді. Оның 221-і қаладағы арнайы жасақталған жатын орынға жайғасса, қалғандары қаладағы мектептерге орналастырылды. Алайда бүгін тұрғындардың көпшілігі үйлеріне қайтарылды. Жауаптылар олардың да жағдайын сұрап шықты. Одан кейін апат аумағында болып, жағдайды толық зерделеді. Өрт сөндірілгенімен әскери қойма аумағындағы 3 шақырымға дейін жер қоршауға алынғанын жеткізді. Себебі бұл тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қабылданған шешім. Қазір ол жерлердің барлығын әскерилер жіті бақылап тұр.

Сонымен қатар, жарылыстан есік-терезесіне зақым келген тұрғындардың баспаналарын аралап көрді. Аймақ басшысы барлығына көмек көрсетілетінін айтты. Алайда еліміздің Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев із-түссіз кеткен бірнеше адам іздестіріліп жатқанын жеткізді.

Ал әскери қоймадағы жарылыстың неден шыққаны туралы түрлі болжамдар айтылуда. Ең бастысы қауіпсіздік шараларының сақталмауы, өрттің тұтануы және химиялық реакция болуы мүмкін дейді мамандар. Қазір мұнымен де арнайы органдар айналысып, анықтап жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Самат Нағашбекұлы

Осы тақырып бойынша:

Таразда жарылыс болды

Жамбыл облысында жарылыс жалғасып жатыр

Жамбыл облысындағы жарылыс: Қорғаныс министрінің басшылығымен комиссия жіберілді

Жамбыл облысындағы жарылыстан қаза тапқандар саны он екі адамға жетті

Тараздағы жарылыс: тұрғындар эвакуацияланып жатыр

Тараздағы жарылыстан 60 адам зардап шекті

Тараздағы әскери қоймада барлығы 6 жарылыс болды