Алматылықтарды жол мәселесі алаңдатып отыр

Алматылықтар трамвай жолын жағалай салынып жатқан жол жиектеріне наразы.

Жергілікті билік алты жылдан бері бос жатқан рельстерді қоршауға көшкен. Онсызда кептелістен көз ашпайтын жүргізушілер ендігі күніміз не болады деп уайымдайды. 

2015 жылы трамвай тоқтағалы бері халық арасында рельстерге байланысты тоқсан түрлі болжам айтылды. Бірі заманауи трамвайлар жүреді десе, екіншілері рельстер алынып, көше айтарлықтай кеңейеді деген пікірде болды. Алайда, қала әкімдігі Төле би көшесіне байланысты жұрт күтпеген шешім шығарды. Байтұрсынұлы мен Әуезов көшесінің арасындағы рельстер алынып, қалғанының жиегінен бетон бордюрлар қойылып жатыр. Тұрғындардың таңданысын тудырған шешімнің мәнін әкімдік өкілдері былай түсіндірді.

Нұрзат Ордабаев, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

–Төле би көшесіндегі кептелістің көбі рельстердің үстімен көліктердің кері айналуынан туындайтын. Осының себебінен жол көлік оқиғалары да көп болатын. Біз бордюрлар арқылы бір бағыттағы жүрісті реттейміз. Жолдың кеңдігі сол күйінде қалады. Автобустарға бір жолақ, өзге көліктерге үш жолақ беріледі және кері айналатын жерлері қарастырылған.

Шынында да трамвай тоқтағалы бері көлік иелері рельстердің үстімен жүріп, қосымша жолақ ретінде пайдаланып келген еді. Тұрғындар «Қаланың шығысы мен батысын байланыстыратын негізгі көшедегі ескі трамвай жолын мүлдем алып тастаса дұрыс болар еді», – дейді.

Бордюрлар Төле би көшесінің Байтұрсынұлы қиылысынан бастап, Яссауиге дейін салынады. Бұл шамамен 8,5 шақырым. Бірақ әкімдік қызметкерлері қанша қаражат жұмсалатынын айтпады. Дегенмен, ескірсе жаңартылып тұруы да мүмкін. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады екен.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов