Жарылыстан кейінгі жағдай қандай?

Жамбыл облысында жарылыс болған аумақты қазір әскерилер қоршап, жолдарды жауып тастаған. Маңайындағы бизнес нысандары мен тұрғын үйлер қатты зақымданған. 

Төңіректегі ғимараттар мен кәсіпкерлік нысандарының сау тамтығы жоқ. Жойқын дүмпудің алғашқы толқыны сервистік кешен мен жанар-жағар май бекетін талқандап кеткен. Қираған шиша мен қалдықтардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Тіпті кейбір жерлерде снарядқа ұқсас жарылған темір бөлшектерін көруге болады. Жарылыс кезінде жан-жаққа ұшқандығы көрініп тұр.

Естеріңізде болса, төтенше жағдай кезінде бірнеше ауыл тұрғындары эвакуацияланған болатын. Ең қатты зардап шеккен – Қайнар ауылы. Мұндағы үйлердің қабырғалары қақырап, төбесі опырылып ортасына түскен. Үрейі ұшқан жұрт ашық алқапқа қарай қашқан.

Қазір бірнеше жедел жәрдем көліктері кезекшілікте әлі де тұр. Өрт толық сөндірілмеген. Мамандар шетінен келген шығындарды санап, зерделеп жатыр. Бірінші кезекте саперлар төңіректі толық тексеріп шықпақ. Әскери бөлімге қазір ешкімді жақындатпайды. Әскерилер түгел қоршауға алған. Алайда ойраны шыққан кәсіпкерлік нысанының қожайыны мен Қайнар ауылының тұрғындарынан сұхбат алып үлгердік.

Марат Тұяқбаев, Қайнар ауылының тұрғыны:

–Жан жаққа қарай қаштық туысқандардың үйіне. Біреуі Амангелдіге қарай. Біреуі Шымкентке қарай қашты ағайындардың бәрі. Енді ауылда мал-жаны барлар бір-бір адамнан қалды ұры қарылар келмесін деп. Үй жөндеуге келмейді. Жармайды.

Жанна Назарбекова, кәсіпкер:

–Жарылыс кезінде бәрі қираған. Сегіз рет жарылды.  Қызметкерлердің бәрі кетті. Түнімен аумақты қарадық. Біз көпірдің астында қалып қойған қызметкерлерміз. Снарядтар ұшқан, әскерилердің басына тиген. Мына жерде байқасаңыз тир паркте жатыр.

Айта кету керек, оқиға орнында ешқандай келеңсіздік жоқ. Мамандар мен әскерилер жұмыс істеп жатыр.

Осы оқиға бойынша:

Таразда жарылыс болды

Жамбыл облысында жарылыс жалғасып жатыр

Жамбыл облысындағы жарылыс: Қорғаныс министрінің басшылығымен комиссия жіберілді

Тараздағы жарылыс: тұрғындар эвакуацияланып жатыр

Тараздағы әскери қоймада барлығы 6 жарылыс болды