Көкшетауда 200 отбасы қоныс тойын тойлады

Конституция күні қарсаңында оларға салтанатты түрде пәтер кілттері табысталды. Мерекеге орай сонымен қатар тәртіп сақшылары мен өрт сөндірушілерге қызметтік көліктер берілді. Ал қалалықтар үшін ең басты тарту – аспан астындағы амфитеатрдың ашылуы болды.

«Менің Қазақстаным» акциясы облыстың қоғам белсенділері мен жастарын Көкшетаудың ең биік нүктесіне біріктірді. Бұл жерде еліміздің көк туы желбіреп тұр. Қаладағы тағы бір айтулы оқиға – 200 отбасы баспаналы болды. Cолардың бірі – дәрігерлер жанұясы Қойбағаровтар.

Инна Қойбағарова, қала тұрғыны:

–Егер бізге осындай пәтерлер берілсе, облысымызға жас мамандар көбірек келеді. Менің отбасым үшін бұл қуанышты оқиға. Бүгін балаларыммен бірге жаңа пәтерге ие болдық. Ризамыз. Бұл күнді көп күттік.

Конституция күні қарсаңында қалада тағы бір нысан ашылды. Тұрғындардың игілігіне амфитеатр берілді. Салтанатты шара барысында облыстың дамуына үлес қосқан ақмолалықтар марапатталды. Олардың қатарында қоғам қайраткері Ерлан Закирьянов та бар. Ол Президенттің алғыс хатына ие болды.

Ерлан Закирьянов, облыстық әкелер кеңесінің төрағасы:

Бұл Ақмола облысының тұрғындары үшін үлкен оқиға. Қазір жастарды жұмыспен, баспанамен қамтитын түрлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Балалар үшін заманауи білім ордалары ашылып жатыр. Ал, мына марапат менің ғана емес, мемлекеттің арқасында жоғары білім алған балаларымның да жемісі.

Мерекеге орай полицейлер, өрт сөндірушілермен қатар басқа да қызмет пен ұйым өкілдері 50 жаңа көлікке отырды.

Жалпы, Конституция күні қарсаңында облыс бойынша 17 әлеуметтік және өндірістік нысан ашылды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Анатолий Полянный