Қарағанды облысында мектептерге «ақылды» турникеттер орнатылады

Қондырғы бір мезетте 30 оқушының дене қызуын өлшеп, кезекпен кіргізуге қауқарлы, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оқушының дене температурасы 37 градустан жоғары болса, дабыл қағылып, бала бірден медбикеге жіберіледі. Жүйені болашақта өзге де қызметтермен интеграциялау жоспары бар. Мысалы, жүйеге әр сыныптың сабақ кестесі енгізіледі. Яғни оқушы сабақ біткенше мектептен шыға алмайды. Сондай-ақ мектепке өтетін адамнан қару анықталса, дабыл жүйесі іске қосылып, бірден полицияға хабар беріледі. Бір жүйенің құны 4 миллион теңгеге жуық. Ал Қарағанды қаласының әр мектебіндегі қауіпсіздікке шамамен 1,5 миллионнан асатын қаржы бөлінген. Сондықтан ақылды қондырғы пилоттық жоба негізінде бір мектепке орнатылды. Облыстың  500-ге жуық білім нысанында дабыл түймелері орнатылып, кәсіби күзет қызметімен қамтылған.

Есентай Әшім, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Бұл жерде бала өте көп, 1400-ге жуық. Алдағы уақытта тағы да артуы мүмкін. Негізі үлкен мектептердің барлығына осындай орнатқан дұрыс болады. Болашақта басқа мектептерге де жоспарлауымыз бюджеттің бөлінуіне байланысты. Біз тапсырыс береміз.