«Үйге кіруге қорқамыз»: жарылыстан қашқан жұрт ауылдарына орала бастады

Жамбыл облысында жарылыс кезінде эвакуацияланған ауыл тұрғындары үйлеріне орала бастады. Қазір екі ауылға кіруге рұқсат берілді. Ал әскери бөлімнің жанындағы Қайнар ауылына кіруге әлі де шектеу бар. Төтенше жағдай кезінде бірнеше әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлерге зақым келген. Қазір арнайы құрылған комиссия келген шығынды есептеп жатыр.

Әскери бөлімге жақын орналасқан елді мекеннің бірі Жібек жолы. Ауыл тұрғындары төтенше жағдай басталысымен үй-жайын тастап тұра қашқан. Жарылыс екпінінен үйлердің қабырғасына жарық түсіп, терезелері қирап қалған. Үйлеріне оралған жұрт кем-кетігін түгендеп енді-енді ес жиып жатыр. Бірақ жүрек шайлығып қалған. 

Орынбай Асанов, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Мынаның бәрі түсіп жатыр. Міне мына жағы. Жарылыстан болды. Міне мынаны қараңыздар әйнектер, бәрі сынып жерге түсті. Мынаның бәрі. Неге тазаламай жатырсыздар? Комиссия келсін дедік. Ешнәрсесіне тигеніміз жоқ. Кіріп жатқанымыз да жоқ. Қорқып жатырмыз кіріп жатуға. 

Бейсен Жүзгенбаев, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

- Бұның бәрін ертеңіне көрдік ғой біз. Бірінші жарылыстан кейін мына жаққа шығып қарасақ керемет қырғын болып жатыр. Түгел былай от. Сосын құрысын деп, бала-шағамызды алып қаштық. Есікті де жаппаппыз. Елдер келіп жатыр қайтадан. Құдайға шүкір, кеше түнде тыныш болды. Бірақ кішкене адам сөз көп болғаннан кейін қорқасын кей кезде.

Қазір нақты қанша үйге зақым келгені белгісіз. Комиссия санақты енді бастады. Белгілісі, әлеуметтік нысандардан Үшбұлақ пен Жібек жолы ауылындағы екі мектеп қираған. 

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Жарылыстың жойқын болғаны соншалық Жібек жолы ауылындағы жалғыз мектеп қатты зақымданған. Білім ошағының қабырғалары қақырап, сылақтары түсіп, төбесі опырылып ортасына түсуге шақ тұр. Зерделеу жүргізген мамандар мектепті апатты деп тауып оқушыларды да, мектеп қызметкерлерін де кіргізуге тыйым салған.

Енді бұл ауылдың балалары жаңа оқу жылынан бастап көрші елді мекендерге қатынап оқиды. Бұл мектепке бірінші қыркүйекте жүз жиырма оқушы келуі тиіс болған. 

Дидарбек Жайлаубеков, №5 мектеп директорының орынбасары:

- Жаңа мектеп саламыз деп жер қарастырып жатыр ғой ауылдың төңірегінен. Соған жоба жасалынып ұсынылды. Алты, жеті шақырым жердегі Жаңатұрмыс мектебі сосын төрт шақырым жердегі Амангелді орта мектебі бар. Сол мектептердің біріне өтетін шығар. Қазір келісіп жатырмыз. Жағдайларын біліп тасмалы қалай болады сол сияқты.

Төтенше жағдай кезінде эвакуацияланған ауылдарға кіруге рұқсат берілді. Тек әскери базаның жанындағы Қайнар ауылына ғана шектеу қойылып отыр. 

Талғат Мамаев, облыс әкімінің орынбасары:

- Ол жерде енді ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Өрт сөндіру техникасы жұмыс істеп жатыр. Басқа да арнайы техникалар жүргеннен кейін елге қаупі бар болған соң шектеу қойып отырмыз.

Оқиға орыны әлі де бықсып, түтіндеп жатыр. Мамандар бетондардың астында жарылғыш заттардың болуы мүмкін екендігін айтады. Өртті сөндіруге мыңнан астам адам мен жүзге жуық техника жұмылдырылған. 

Руслан Шпекбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Әлі толық сөндірілген жоқ. Шамамен төрт қойманың орны түтіндеп жатыр. Өртсөндірушілер су тасып құйып жатыр. Бұл жұмыстар өрт толық сөнгенге дейін жалғасады. Қазір алғашқы кездегідей қауіп жоқ. Бірақ үйінділердің астында жарылғыш заттар қалып қоюы мүмкін. Олар жарылған күннің өзінде бірінші кездегідей жойқын дүмпу болмайды.

Өрт пен жарылыс аумағындағы шығын көлемі әзірге белгісіз. Ұрлық-қарлық болмас үшін ауылдарға әскерилер күзетке қойылған. Қаланың шыға берісі мен жарылыс аумағында блокбекеттер жұмыс істеп тұр.

Руслан Бақытбекұлы, Азамат Сәметов, Руслан Ахатіллә