Жазықсыз болсам да, бәріне жауап беремін – Қорғаныс министрі

Жамбылдағы жарылыс жанға батты. Ай-күннің аманында 13 азаматтан айырылдық.

Тамыздың 26-сы. Кешкі сағат жетінің шамасы. Тараздың іргесіндегі Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің тротил сақтау қоймасынан өрт шықты. Жалын инженерлік оқ-дәрілер базасына жетті. Сөйтіп өрт жойқын жарылыстарға ұласты. Өрттің алғашқы минуттарынан-ақ дабыл қағылды. Әскери бөлімнің өрт сөндірушілері көтерілді. Жігіттер тілсіз жаумен жанқиярлықпен алысты. Артынша Жамбыл облысы бойынша ТЖД-нің өрт сөндірушілері шақыртылды. Алайда жалын күшейіп, ырық бермеді.

Сағат 19.15-те әскери қалашықтағы 16 үйдің тұрғындарын көшіру басталды. Одан соң оқиға орнынан 3 шақырым қашықтықта орналасқан 3 елді мекеннің жұрты эвакуацияланды. 

Мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар Жамбыл облысының өзге әскери бөлімдеріне жөнелтілді. Аймақтағы теміржол қозғалысы уақытша тоқтатылып, жолаушылар маңайдағы станцияларға автобустармен жеткізілді. Жарылыс болған жердегі негізгі тас жол жабылды. Түн ішінде Қорғаныс министрлігінде арнайы комиссия құрылып, олар Төтенше жағдайлар министрімен бірге сағат түнгі онның шамасында Жамбыл облысына ұшып барды. Жедел штаб құрылды. Түнде Мемлекет басшысы твиттер парақшасында қылмыстық іс қозғалғанын жазып, «жағдай бақылауда», – деді.

26-сы кешкі жеті кезінде басталған жарылыстар түн ортасына дейін жалғасты. Оқ-дәрілер базасында жалпы 10 шақты жарылыс болды.

Тамыздың 27-сі. Таңғы сағат 9-дан аса Қорғаныс және төтенше жағдайлар министрлері мен облыс әкімі брифинг өткізді. Осы жерде Нұрлан Ермекбаев түндегі жарылыстан төрт адамның қаза тапқаны туралы қаралы хабарды жеткізді.

4 азаматтың қазасы оңайға соқпады. Өзгелері аман болса деп едік, алайда, опат болғандар саны өсе берді...Зардап шеккендер де аз болмады. 90-нан асып жығылды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық Сақтау министрі:

–Медициналық көмекке 98 адам жүгінді. Оның 28-ін ауруханаға жатқыздық. Қалғандарына жарақат бөлімінде тиісті көмек көрсетілді. Көбінің жағдайы тұрақты. Қазір ауруханада жатқандарға көмек барынша көрсетіліп жатыр.

Көмек әлі де беріледі. Қорғаныс министрі кеше өтемақы мен үй мәселесіне қатысты пікір білдірді.

Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі:

– Қарулы Күштердің тарапынан, Қорғаныс министрлігі тарапынан көмек көрсетілуде. Одан басқа әрбір қаза тапқан отбасына нақты есептері бар. Ол шамамен 20 млн.теңгеден астам қаржылай көмек. Одан басқа әрине тұрғын үй мәселесі болады. Оған жергілікті атқарушы органдарда қатысады. Міне облыс әкімі де өзі айтты тұрғын үй мәселесі болса шешеміз.

Жалпы әскери бөлімдегі отты сөндіруге, зардап шеккендерге көмектесуге ұзын ырғасы мыңнан аса адам мен жүздеген техника жұмылдырылды.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

 – Осыдан соң Қорғаныс министрі отставкаға кетуге дайын екенін мәлімдеді. Себебі, бұл Нұрлан Ермекбаевтың кезіндегі екінші жарылыс. Алғашқысы Арыс.

 Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі:

 – Бәріне министрді кінәлі деп айту надандық. Өйткені кейбір сауатты адамдар Қарулы Күштердің кіші мемлекет екенін біледі. Қарулы Күштердің ішінде білім беру жүйесі, денсаулық сақтау жүйесі, жауынгерлерді даярлау, сарбаздарды үйрету сияқты барлық жүйе бар . Бұл өте күрделі механизм. Әрине бір адам бәріне қарап, қадағалау өте қиын, бірақ бізде бірінші жетекші бәріне жауап беру керек деген бір түсінік бар. Сол сияқты жеке басым жазықсыз болса да, мен бәріне жауап беремін. Оның үстіне офицерлік, генералдық ар-намыс деген ұғым бар, соған сәйкес мен әрине, отставкаға беремін. Отставка беруді сұраймын. 

Байзақта жарылған әскери бөлімдегі оқ-дәрінің үштен бірі кезінде Арыстан әкелініп, сақталған. Енді сұрақ. Оқ-дәрі сақтау базасы елдімекендерден неге алыс жерде орналаспаған? Арыс оқиғасы сабақ болмағаны ма?

Нұрлан Ермекбаев ҚР Қорғаныс министрі:

– Біріншіден, бұл әскери қойма емес, оқ-дәрілер базасы. Өйткені терминология бойынша қойма бар, сақтау орны бар, база бар, арсенал бар. Арыста арсенал болатын. Мына жерде база, арсеналдан кіші. Бұл базада тек инженерлік оқ-дәрілер сақталған. Инженерлік оқ-дәрілер жарылғанда ұзақ қашықтыққа ұшпайды, ол бір. Екіншіден, оның көлемі, саны Арыстан 7-8 есеге аз. Сондықтан Арысқа қарағанда қауіпсіздік жағынан әлдеқайда жоғары.

Алайда Арысқа қарағанда адам шығыны көп. Ұшты-күйлі жоғалып кеткендері де бар. Іздестіріліп жатыр. Елдің қабырғасын қайыстырған бұл оқиғаға кім кінәлі? Жауабы алдағы уақыттың еншісінде. Қазір тергеу жүріп жатыр. Жанға бататыны, бейбіт күнде арыстай азаматтарымыздан айырылдық. Сол қайғы...

Авторы: Қорған Қонысбайұлы