Ел тарихындағы ең қаралы күндер

Ел тәуелсіздік алғалы ұлттық аза тұту күндері 10 рет жарияланды. Бүгінгімен қоса, мемлекеттік ту 10 рет түсірілді. Қайғылы жағдайда қаза тапқандар еске алынып, рухына тағзым жасалады. 

Бұл – ел тарихындағы 10-шы аза тұту күні. Ең алғашқысы 2006 жылы Қарағандының Ленин шахтасындағы жарылыстан кейін болған. Ондағы оқыс оқиға кезінде 41 адам қаза тапты. 

Осы оқиғадан 2 жыл өтер-өтпестен жағдай қайталанды. Кеншілер өңірінің «Абай» шахтасында да алапат өрт болып, 30 адам опат болады. Кей марқұмдардың денесі жер қойнауынан шығарылмады. Мәйіттерін алып шығуға метан газының жоғары қысымы, яғни жарылыс қаупі кедергі келтірді. Оқиғаға байланысты 3 лауазымды тұлға кінәлі деп танылып, қызметтерінен босатылды. Тағы 6 адам сотталды.

2010 жылы жалпыхалықтық аза тұту күні Алматы облысы Қызылағаш ауылындағы тілсіз жау құрбандарын еске алуға арналды. Наурыз айында елді мекенге жақын орналасқан бөгет жарылып, тасқын су тұтас аумақты шайып кеткен. Ресми мәлімет бойынша, 45 адам көз жұмды. Оның 11-і бала.

2012 жылғы Арқанкерген оқиғасын да жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Шекарадағы бөлімше тұтқиылдан шабуылға ұшырап, 14 әскери қызметші мен 1 қорықшы қаза тапқан болатын.

Сол жылдың соңына қарай мемлекеттік ту тағы төмен түсірілді. Шымкент маңында кеден қызметінің АН-72 ұшағы апатқа ұшырады. Онда 27 адам опат болды. 7-еуі экипаж мүшесі.

Ұшақ апаты 2013 жылы қаңтар айында Алматы маңында да болды. Chellenger-200 әуе кемесі Қызылту елді мекеніне құлап, 16 жолаушы және 5 экипаж мүшесі бақиға аттанды.

Ақтөбедегі теракттың салдары да азалы күндер тізімін жалғады. Қаруланған топ қалада бірнеше лаңкестік шабуыл жасап, 8 адамды өлім құштырған.

Ал Алматыдағы «Бэк эйр» ұшағының апаты тағы бірнеше адамның қаза болуына әкеп соқтырды. Тұтас әлемді жайлаған коронавирус дерті арамыздан қанша арысымызды әкетті. Президент шешімімен былтыр осы індет құрбандарын жалпы халық боп, аза тұттық. Бірақ, ел тарихындағы аза тұту күндері мұнымен шектелмеді.

Оннан астам отбасын бауырынан, перзенті және жарынан айырған жарылысқа байланысты мемлекеттік ту тағы төмен түсірілді. Қаза тапқандар есімі мәңгі ел жадында.

Авторы: Рауан Мыңбаев